Алматының 8 кереметі: жаңажылдық безендіруге 800 млн теңге жұмсалмақ

23.12.2024 15:45

80 шырша, 300 инсталляция мен 1500 жарықшам. Биыл Алматыны жаңа жыл қарсаңында безендіруге осынша элемент қажет болыпты. Арнайы бағдарлама аясында шаһарда сондай-ақ мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жыл соңына дейін жалғасатын болады. Жаңажылдық безендіруге 800 млн теңге жұмсалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл оңтүстік астанада «Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл» атты ауқымды бағдарлама әзірленген. Жиырмадан аса ғимараттың қасбеті архитектуралық жарықпен көмкеріліп, арнайы безендірілген. Сондай-ақ қаланың әр бөлігінде орнатылып, бір мезетте жағылған 80-нен астам шырша шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйламақ.

Мегаполистегі биіктігі 25 метр болатын бас шырша Абай алаңында қойылған. Мұнда жаңа жылдық негізгі атрибутпен қатар орналастырылған инсталляциялар ертегі әлемінде жүргендей әсер қалдырады.

Алғаш рет қаланың негізгі алаңдарына қаңқалы емес, классикалық еуропалық стильдегі ерекше діңгекті шыршалар қойылды. Сонымен қатар суретке түсуге болатын арнайы орындар мен мерекелік бейнелер ерекше атмосфера қалыптастырған. Жаңа жыл қарсаңындағы шаһардың осындай әсем күйге енгеніне қала тұрғындары мен қонақтары дән риза.  

"Көңіл күй күшті, керемет! Адам көп. Балаламен келіп отырмыз. Жаңа жылмен қазақстандықтарды құттықтаймын!" – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Қанапин.

"Әріптестеріммен келдім. Ертегідей өте әдемі! "– деді қала тұрғыны Баян Чавенов

"Атыраудан келдік. Қаланы керемет безендірген, ұнады!" – деді қала қонағы Еркін Беглеров.

12 көше мен даңғыл бойында орнатылған 1500 жарық элементі көздің жауын алады. Магистральдар бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдармен безендірілген. Сондай-ақ мәдениет саласындағы мекемелердің белсенді қатысуы мен былтырғы жарамды конструкцияларды қайта қолдану мереке ауқымын кеңейте түскен.

"Алматыда халық көп жиналатын орындарға 300-ден аса инсталляция қойылады. Олардың көбі балаларға арналған", – деді Мәдениет басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Қалыбеков.

Қаладағы 8 ауданның әрқайсысында Аяз ата мен ертегі кейіпкерлерінің шеруі, жәрмеңкелер, көрмелер, концерттер мен ойындар ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Ал басты жаңажылдық концерт дәстүр бойынша 31 желтоқсанда Астана алаңында сағат 21:00-де өтеді.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда бас шыршаның шамы жағылды