Жаңа технология мен стандарттар: Алматыдағы медициналық нысандар қалай жаңартылып жатыр

21.01.2026 09:38

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында қаладағы медициналық ұйымдарды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Атап айтқанда, қала басшысы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған №4 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімін аралап көрді. Жаңғырту нәтижесінде қабылдау бөлімі тәулігіне 250 адамнан 450 адамға дейін қабылдай алатын болды.

Халықаралық triage пациенттерді сұрыптау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе пациенттер легін қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөлуге негізделген. Мұндай тәсіл ауыр халдегі науқастарға жедел көмек көрсетуге, асқынулар мен өлім-жітім қаупін азайтуға, орын санын тиімді пайдалануға және ауруханаға жатқызу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Ауруханада заманауи ота бөлмелері, 12 орынға арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапияның шұғыл бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар, тері арқылы жүрек тамырларын емдеу орталығы жұмысын бастады. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда қазіргі заманғы талаптар мен халықаралық денсаулық сақтау стандарттарын ескере отырып, медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы және 1 емхана салынды, сондай-ақ тағы 32 нысанды салу және жаңғырту бойынша жобалар әзірленіп жатыр», – деді Дархан Сатыбалды.

№4 Қалалық клиникалық аурухана – тәулік бойы жұмыс істейтін көпсалалы стационар. Мұнда жыл сайын 12 500-ге дейін ота жасалады.

Сондай-ақ, Алматы әкімі Түрксіб ауданындағы Алтай шағынауданында бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхананың құрылыс алаңына барды.

Жаңа емхана бұрын жұмыс істемей тұрған денсаулық сақтау нысанының орнына салынып жатыр. Мекемені ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, цифрлық флюорография және маммография, рентген, МРТ және КТ жабдықтарын қосқанда, заманауи диагностикалық жүйелермен жабдықтау жоспарланған. Бұл тексерулердің жылдамдығы мен дәлдігін едәуір арттырып, медициналық-санитарлық алғашқы көмектің бірыңғай стандарты аясында медициналық қызмет сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың ІV тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.