Тегін тамақ, оқушылар тасымалы: Алматының білім саласында қандай оң өзгерістер іске асты

Оқушылар тасымалына арналған автобустар қала әкімінің бастамасымен іске асырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы мектептерінде балаларды тегін тамақтандыруға жергілікті бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы 2 жылда 46 білім мекемесіне 150-ден астам автобус берілген. Осылайша, 9 мыңнан аса бала мектепке тегін қатынауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқушылар тасымалына арналған автобустар қала әкімінің бастамасымен іске асырылған. Бүгінде әр ауданда балаларды мектепке тегін әрі қауіпсіз жеткізетін көліктер бар. Мәселен, Медеу ауданына 8 автобус бөлініпті. Олар төрт мектепте екі ауысыммен жұмыс істейді. №53 мектеп-гимназиясында автобус қызметіне жүгінетін, яғни шалғайда тұратын 80-нен аса оқушы бар екен. Мектеп басшылығының айтуынша, балаларды арнайы көлікпен тасымалдау, әсіресе, қыс мезгілінде өте ыңғайлы.

"Автобустар мектептің ішінен "Кеңсай" дачасына дейін қатынайды. Оқушылар саны 80-нен асады. Автобустарға «Алматы Электро-Транс» компаниясы сервис көрсетеді. Автобустар өте таза, қыс мезгілінде жылы, өте ыңғайлы. Ең бастысы, баланың өмір қауіпсіздігіне алаңсызбыз", - деді №53 мектеп-гимназиясының директоры Әсем Омишова.

Бұл қала әкімінің бастамасымен іске асырылған алғашқы жоба емес. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту жобасы да қолға алынған болатын. Ал оған дейін мектептерде тек әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары ғана тегін тамақтанып келген еді. 

"Қазір Медеу ауданында 1-сыныптан бастап 4-сыныпқа дейін оқитын 11 мың 841 оқушымыз бар. Сол оқушылар ыстық тамақпен тегін тамақтанады. Әр мектептің кестесі бойынша мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан міндетті түрде кезекшілер болады. Кезекшілер мәзірді қадағалап отырады", - деді Медеу аудандық білім бөлімінің әдіскері Назгүл Қазиева.

"Менің балам осы мектепте оқиды. Жағдайлары өте жақсы. Асханада ыстық тамақ береді. Дәрумендерге толы, ағзаларына пайдалы. Әрі ата-аналары да тексеруге болады. Жалпы, өте жақсы жағдайлары", - деді ата-ана Ертай Мұхтарұлы.

Асхананың алдында балаларға арналған тағамның ас мәзірі ілініп тұрады. Ол күнделікті арнайы мамандардың тексерісінен өтеді. Ал нәтижесі екі тәулікке дейін сақталады екен. Жалпы, кез келген ата-ана келіп танысса да болады. Мәзір оқушыларға қажетті дәрумендермен байытылған. Сонымен қатар жыл мезгіліне байланысты өзгеріп те отырады.

Осылайша, Алматыда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Бастысы, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда бола бермек.

Олжас Омарбек, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: ҚБТУ-дағы өрт: төтеншеліктердің арқасында тілсіз жау үлкен аумаққа таралмады

Новости партнеров