Олимпиада чемпионы Ли Нин Алматыдағы спорт мектебіне барды

01.10.2026 17:40

Ол - Қытай спорты тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі

Үш дүркін Олимпиада чемпионы, әлемдік гимнастика аңызы Ли Нин Алматыға келді. Әйгілі спортшы мегаполистің жас өрендерімен кездесіп, олардың жаттығуын тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ли Нин – Қытай спорты тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол 1982 жылы спорттық гимнастикадан өткен Әлем кубогында алты бірдей алтын медаль жеңіп алып, содан кейін «Гимнастика ханзадасы» деген лақап атқа ие болған.

Спорт мектебінің ұжымы шетелдік мейманды ұлттық дәстүрмен қарсы алып, шашу шашып, бауырсақтан дәм татқызды. Ли Нин мамандандырылған мектепте жаттығып жүрген жас гимнасттардың өнерін тамашалап, өз бағасын берді. Болашақта чемпион болуға үмітті балалар аты аңызға айналған спортшымен жүздескеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді.

– Жаттығу залы әдемі екен. Оның үстіне осында үздіксіз дайындалып жүрген талантты ұлдар мен қыздарды көріп, таңғалып жатырмын. Оған қоса, маған Алматы ұнады. Заманауи әрі дәстүрлі мәдениеті сақталған, қарасаң көз тоймайтын қала екен. Мен қазір спорттық тауарлармен айналысамын. Бұл ретте Қазақстанда өзімізді дамытуға, жаңа мүмкіндіктер табуға және осы елдегі жас спортшыларға көбірек қолдау көрсетуге үлес қосқымыз келеді, – деді үш дүркін Олимпиада чемпионы Ли Нин.

 

Толық көрсету