Алматыға құрамында әуе компаниясының өкілдері, туроператорлар мен тревел-блогерлер бар Польша делегациясы келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Таныстыру туры аясында қонақтар қаланың ең танымал туристік орындарын аралады. Олардың ішінде атақты Көк базар, аты аңызға айналған «Рахат» фабрикасы, 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағы бар. Делегация мүшелеріне әсіресе, Шымбұлақ курорты мен Алматының көркем көрінісі көрінетін Көктөбе саябағы ерекше әсер етті.
Сапар барысында қазақ мәдениеті мен ұлттық тағамдарға айрықша көңіл бөлінді. Қонақтар ұлттық мейрамханаларға барып, дәстүрлі тағамдардан дәм татып, отандық өндірушілердің өнімдерін көрді.
Almaty Tourism Bureau ұйымдастыруымен Польша делегациясы жергілікті туроператорлармен кездесті. Тараптар туристік өнімдерін таныстырып, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыс орнатты. Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Әуе компаниясының өкілдері өздерінің ұшу бағыттары мен борттық журналдарын көрсетті.
Делегация мүшелері Алматының қонақжайлығы мен туристік әлеуетіне жоғары оң баға берді. Варшава мен Алматы арасындағы тікелей әуе рейсінің ашылуы екі ел арасындағы туристердің артуымен қатар, жаңа серіктестік жобаларға жол ашады.
Оқи отырыңыз: Алматыда қайта өңделген пластиктен жасалған орындықтар аллеясы ашылды