Жаңа Конституция жобасы: Алматыда негізгі өзгерістер талқыланды

02.02.2026 17:36

Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының жобасын талқылауға арналған Алматы қаласы мәслихаты мен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Отырыста жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, оның тұжырымдамалық негіздері, сондай-ақ күтілетін институционалдық және әлеуметтік өзгерістер жан-жақты қаралды. Ұсынылып отырған реформалардың адамға бағдарланған сипатына, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге, заң үстемдігі қағидатын күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Отырыста сөз сөйлеген Алматы қаласы мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Мейіржан Отыншиев Конституцияның жаңа редакциясы кең ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға деген қоғамның кемел сұранысын көрсететінін атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің дамуының жаңа кезеңін айқындайтын құжат. Мұнда барлық шешімдердің өзегінде адам, оның құқықтары мен қадір-қасиеті тұр. Ең маңызды өзгерістердің бірі – халықтың егемендіктің бірден-бір иесі ретінде конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл биліктің барлық институттарының қоғам алдындағы жауапкершілігін түбегейлі күшейтеді», – деді Мейіржан Отыншиев.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Анар Фазылжанова филолог ретінде өзі үшін жаңа Конституция жобасының бастапқыда қазақ тілінде әзірленуі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл қазақ тіліндегі нұсқа құжаттың құқықтық негізі болып саналады, ал жобаны дайындаудың ашық сипаты мен кең қоғамдық қатысу реформаның мазмұнын тереңдетіп, оның құндылығын арттырады.

Сондай-ақ Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Махамбет Хасенов кеңейтілген баяндама жасап, конституциялық өзгерістердің тарихи маңызын және азаматтық қоғам институттарының рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгін сапалы түсіндіру жұмысы ерекше маңызды. Конституция әрбір азаматқа түсінікті болып, күнделікті өмірде нақты қолданылуы тиіс. Қоғамдық кеңес алдағы уақытта да конституциялық реформаларды іске асыруда және Әділетті Қазақстанды құру жолында белсенді әрі ұстанымды рөл атқаратынына сенімдімін», – деді Махамбет Хасенов.

Отырыс қорытындысында қатысушылар халықпен ашық әрі мазмұнды диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті. Әсіресе қоғамдық пікірлердің алуандығы мен белсенді азаматтар шоғырланған ірі мегаполис – Алматы қаласы үшін мұндай талқылаулардың өзектілігі ерекше екені айтылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда сот шешімімен тұрғын үйдің бір қабаты сүрілді