Алматыдағы кәсіподақ көшбасшылары жаңа Конституция жобасын талқылады

25.02.2026 11:36

Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің қаладағы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесуі өтті. Диалог алаңы ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституцияның негізгі ережелерін, сондай-ақ қоғамдық даму мен әлеуметтік саясат мәселелерін қарастырды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова қоғамдық талқылаудың маңызы мен ашық диалогтың рөліне ерекше назар аударды.

— Декларативтілік пен формализмге жол бермей, мазмұнды талқылау жүргізу аса маңызды. Конституция — қоғамдық үдерістерді бейнелейтін және мемлекеттің даму бағытын айқындайтын негізгі құжат. Жаңа Конституцияны қабылдау мемлекеттік институттар мен құқықтық тетіктерді жетілдіруге бағытталған елдің эволюциялық дамуының заңды кезеңі ретінде қарастырылуы тиіс, — деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі жағдай негізгі мемлекеттік және қоғамдық жүйелерді жаңа сын-қатерлерге бейімдеуді талап етеді.

— Қазақстан жаһандық трансформациялар жағдайында дамып, технологиялық және цифрландыру салаларында тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді. Қоғам әділеттілік мәселелеріне барған сайын белсенді әрі талапшыл бола түсуде, бұл институционалдық жаңаруға деген сұранысты қалыптастырады. Осындай жағдайда Негізгі заң жаңа шынайылық пен мемлекеттің стратегиялық даму міндеттеріне сай болуы тиіс, — деп атап өтті Нурия Ниязова.

Кездесу қатысушылары алдағы республикалық референдумды қолдайтындарын білдіріп, мемлекеттік бастамаларды талқылауға қоғамның кеңінен қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Еске салайық, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум 15 наурызға жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Fitch агенттігі «Алматы» ӘКК рейтингін «BBB-» деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады