Жаңа бағдарламада тұрғын үй иесінің құқығын қорғау тетіктері енгізілді
Алматыда 2030 жылға дейін тұрғын үйді Реновациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Соның аясында алдағы 5 жылдың ішінде 676 ескі үй бұзылып, ондағы тұрғындар жаңа пәтерлерде қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған. Жаңа бағдарламада тұрғын үй иесінің құқығын қорғау тетіктері енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрзия Маусымбекованың жаңа пәтерге қоныстанғанына бір жарым ай ғана болған. Шөберенің қолынан май жалаған әжей осыған дейін 1972 жылы салынған екіқабатты үйде 21 жыл бойы тұрып, реновация бағдарламасы аясында осы баспанаға көшіп келген. Жаңа пәтерінің ауданы ескісінен 10 шаршы метрге артық.
"Келіп, кілтті алыңыз дегенде қуаныштан қол қоя алмай, көзіме жас алдым. Қызым екеуіміз келіп көрсек, үй дайын тұр екен. Міне, бір жарым ай болды, орналастық, Құдайға тәуба!” - дейді қала тұрғыны Нұрзия Маусымбекова.
Аталған бағдарлама Алматыда осыған дейін екі мәрте жүзеге асты. Сол уақыт ішінде 181 ескі үй бұзылып, 1629 пәтердің иесі жаңа баспанаға көшкен. Алайда шаһарда әлі күнге дейін тозығы жеткен 1 366 үй бар.
"Бүгінгі таңда ескі үйлердің ең көп саны Түрксіб ауданында – 586, Бостандық ауданында – 246 және Жетісу ауданында – 134. Алмалы – 122, Алатау – 102, Медеу – 75, Әуезов – 75 және Наурызбай ауданында 26 нысан орналасқан", - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.
Қалалық мәслихат депутаттары өткен кезекті сессияда «Алматы қаласының тұрғын үйін 2030 жылға дейін Реновациялау бағдарламасын» қабылдады. Оған сәйкес тұрғын үй иелерінің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстар атқарылады. Ғимараттарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Ал ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы жабдықталған үйлер беріледі.
"Жаңа бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – ескі үйлер тұрған аумақта тек көпқабатты ғимараттар емес, әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға болады. Жалпы, бұл бағдарлама мегаполисті жайлы қалаға айналдыруға бағытталған", - деді Құрылыс, сәулет, урбанистика және жер қатынастары жөніндегі комиссияның төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.
Айта кетейік, жаңа бағдарлама аясында 2030 жылға дейін кем дегенде 676 ескі үйді жаңарту жоспарланған. Бұл 7500-ге жуық меншік иесін заманауи пәтерлерге көшіруге мүмкіндік бермек.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, AlmatyTV
Оқи отырыңыз: Алматыда 2025 жылы ірі ағаштарды отырғызу бойынша ауқымды жұмыс басталады