Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы келген оқушылар тарихи орындарды аралады
Бүгін Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыға Ресейдің Ржев қаласынан оқушылар делегациясы келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бағдарламаға сай, олар 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл қойды. Соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, батырларға құрмет көрсетті. Мамандар айтқан тарихи деректерді тыңдап, қажетті ақпарат алды. Кейін жастар Жауынгерлік даңқ мұражайындағы жәдігерлермен танысты. Музейде тұрған 20 мыңға жуық экспонатты тамашалады.
Атап өтер жайт, оқушылар жеңіс үшін жанын қиған сарбаздарды еске алу мақсатында 80 түп ағаш та отырғызды.
«Бағдарламаға сай, оқушыларға Алматының мектептерін көрсетіп, таныстырдық. Мұражайды аралаттық. Шаһардың көрікті жерлеріне апардық. Біздің негізгі міндетіміз - екі ел жастарының арасында берік ынтымақтастық орнату. Олар бірін-бірі танып-білуі тиіс», - деді Білім басқармасы «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы» бөлімінің басшысы Марат Қанатов.
«Ресейдің Тверь облысынан, жауынгерлік даңққа ие Ржев қаласынан келіп отырмыз. Мектебімізге 1941 жылы Алматы мен Ақтөбе қаласында құрылған 100-ші және 101-ші жеке атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің есімі берілген. Сол себепті де мұндай іс-шараларға қатысу біз үшін өте маңызды. Бүгін соғыс қаһармандарының рухына тағзым еттік», - деді оқушылар делегациясының мүшесі Полина Малолетинкова.
Оқи отырыңыз: "Жанкүйер сенімін ақтауға тырысамыз": бас бапкер Алматыда өтетін тарихи ойын туралы