«Шағын және орта бизнес: Жаңа тау курорты қала экономикасына қалай әсер етеді

Сарапшылар медициналық туризмнің де сапалы жаңа деңгейге көтерілетінін айтады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тау кластерінің дамуы қаланың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндіктер ашады. Туристтер саны артқан сайын қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, жалға беру және өзге де қызмет түрлеріне сұраныс күшейе түседі. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі — жаңа тау курорты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандардың айтуынша, оның іске қосылуы туризммен тығыз байланысты шағын және орта бизнеске қуатты серпін бермек.

Тау туризмін дамыту тек курорт аумағындағы жұмыстармен шектелмейді. Оның оң әсері келушілерге қызмет көрсететін қалалық бизнеске де тікелей тиеді. Демалыс орындары мен туристік бағыттар көбейген сайын қонақтарға ұсынылатын қызмет ауқымы кеңейе түспек. Туризм басқармасының мәліметінше, жаңа ірі жобаның экономикалық әсері мегаполистің бірнеше саласынан айқын сезіледі.

«Алматының тау кластерін дамыту қала үшін ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Біз шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіп отырмыз. Бұл тек курорт аумағындағы емес, жалпы тау кластеріне қатысты орындар. Мысалы, жаңа тау гидтері мен курорттың қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін техникалық мамандар қажет болады. Яғни, бұл қаладағы шағын және орта бизнес үшін де зор мүмкіндік», – деді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Тау туризмінің дамуы дәстүрлі бағыттармен ғана шектелмейді. Сарапшылар медициналық туризмнің де сапалы жаңа деңгейге көтерілетінін айтады. Таза ауа, таулы аймақтың климаты мен шипалы табиғи сулар сауықтыру бағытындағы туризмді дамытуға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар шетелдік туристер үшін медициналық қызмет құнының қолжетімді болуы Алматының сала бойынша әлеуетін еселей түспек.

«Тау кластерінің дамуы медициналық туризмге де серпін бере алады. Себебі қыста тауға шаңғы тебуге, ал жазда хайкингке келген адамдардың денсаулығын сауықтыруға немесе кей жағдайда жарақат алып, ем қабылдауға қажеттілік туындауы мүмкін. Сондықтан тау туризмін медициналық қызметтермен қатар үйлестіре дамытуға мол мүмкіндік бар», – деді Қазақстандағы медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривец.

Алматыға демалуға келген турист тау қызығын көріп қана қоймай, сауықтыру қызметтерін алып, жергілікті дәммен танысып, қаланың өзге де мүмкіндіктерін толық пайдалана алады. Ал сарапшылардың пікірінше, ірі туристік нысандардың дамуы жаңа инфрақұрылымның қалыптасуына, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және қосымша жұмыс орындарының ашылуына тікелей ықпал етеді.

Айжан Дайрабай, Әмина Үсенова, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Almaty Marathon: жапониялық танымал желаяқ рекорд орнатуға ниетті