Шаң-тозаң мен лай-батпақтан құтылдық: Алматының Алатау ауданында 31 шақырым жол жөнделді

01.10.2025 16:25

Мамандар Алғабаста келер жылы кәріз жүйесінің де іске қосылатынын айтты

«Шаң-тозаң мен лай-батпақтан құтылдық». Инженерлік инфрақұрылымы жаңғырған, кей көшелеріне жол жабыны жаңадан салынған Алматының Алатау ауданы тұрғындары осылай дейді. Жұрттың сөзінше, жаяу жүргіншілер үшін де аумақта қолайлы жағдай қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алғабас ықшамауданында биыл 31 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Қазір 98 көшенің 96-да іс аяқталды. Екі қабат жол жабыны төселіп, жаяужол салынған. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін де бірқатар жұмыс қолға алынған. Жоба жақын аралықта толығымен жүзеге асырылады.

«15 жыл бойы балшықпен жүрдік қой, 5 жылдың арасында көшеміз гүлденіп, асфальт төселді. Тұрғындар да риза. Екі жыл бұрын асфальттің бірінші қабаты төселген. Тротуарлар жөнделді», – деді Алғабас ықшамауданының тұрғыны Рыскүл Есенғұлова.

Мамандар Алғабаста келер жылы кәріз жүйесінің де іске қосылатынын айтты. Ал қазірдің өзінде жаңарған инженерлік инфрақұрылымның игілігін 25 мыңнан аса тұрғын көріп отыр. Алатау ауданында жолдарды орташа жөндеуден өткізу мәселесіне де көңіл бөлінген. Жоба жүзден аса көшені қамтиды.

«Алатау ауданы бойынша Алғабас, Қарасу, Шапағат, Шаңырақ-1, Шаңырақ-2 көшелерінде, Ақбұлақ көшелерінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орташа дегеніміз, бір қабат асфальт алынады да, орнына жаңа асфальт төселеді», – деді Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуатбек Мақашев.

 Шаңырақ-1 шағынауданы тұрғындарының да қуанышында шек жоқ. Олардың сөзінше, оң өзгеріс көп. 2021-де басталған су мен кәріз құбырына қатысты жұмыс биыл аяқталады. Сондай-ақ көпшіліктің қала әкіміне жеткізген өтініштері де жауапсыз қалмаған. Мәселен, бұған дейін бұл аумақта жол төсемесін салу ісі 4 көшеде шегерілген еді. Бірақ шаһар басшысы жұмысты биыл аяқтауды тапсырыпты.

«Өтініш ретінде айттық. Қабылдады. Аллаға шүкір, 4 көшеміз басталды. Келесі жылға қалмай, биылғы жылы түгел жол жасалынады деген үміттеміз. Сол үмітіміз де іске асып жатыр. 98 пайыз жол бітті деп айтуға болады», – деді Шаңырақ-1 ықшамауданының тұрғыны Гауһар Исмаилова.

Ықшамаудан тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына да белсенді атсалысатындарын айтады. Мәселен, көпшіліктің сұранысы бойынша келер жылы балаларға арналған 5 алаң жабдықталмақ.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жаңа фармацевтикалық зауыт құрылысы жобасымен танысты