Елдегі 34 жоғары оқу орны шетелдермен серіктестік орнатуға дайын
Биыл Қазақстанға шетелдерден 30 мыңға жуық студент келген. Көрсеткіш өткен екі жылғы дерекпен салыстырғанда 10 мыңға өсіпті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммитінде белгілі болды. Жапония, Үндістан, Малайзия, Қытай сынды 150 мемлекеттен бас-аяғы 350-ге жуық жоғары оқу орнының ректорлары мен халықаралық сарапшылар қатысқан маңызды басқосуда еліміздің жоғары оқу орындарына арналған ұлттық рейтинг жүйесінің тұсаукесері де өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық іс-шара – жоғары білім беру саласындағы мәселелерді талдауға бағытталған. Әлемнің тәжірибелі мамандарын біріктірген бірегей жиын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткізілді. Алғысөзді жоғары оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев ашса, кезекті баяндаманы Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды. Ол пре-саммит Азия-Тынық мұхиты аймағында және одан тыс жерлерде білім беру жүйесін жетілдіруге, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделгенін атап өтті.
"Жоғары білім – инновациялық және тұрақты экономиканы құруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Біз жаһандық өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Білікті мамандардың білімі мен дайындығына қатысты мәселелер халықаралық ынтымақтастықты, диалогты және тәжірибе алмасуды талап етеді", - деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Сөз алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанды академиялық хаб қылуға ерекше назар аударылып отырғанына тоқталды. Ол елдегі 34 жоғары оқу орнының шетелдермен серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді. Тіпті, оның 23-інде әлемдік танымал университеттердің филиалы ашылып үлгеріпті. Ал келер жылы тағы 11-і өз жұмысын бастайды екен.
"Осы жылдан бастап Аризона университетінің агротехникалық колледжінің зерттеушілері Солтүстік Қазақстан өңірінде 500 гектар жерді алып, үлкен селекциялық, генетикалық зерттеулерді бастамақ. Тағы да бір мысал Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан техникалық университетінде былтыр электромобильдерді жөндейтін, қызмет ететін инженерлерді дайындайтын орталық ашылды", - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министр шығыстағы бастамаға Қытайдың электромобиль өндіретін компаниясы қызығып отырғанын жеткізді. Тіпті, өңірде 3 арнайы зерттеу орталығын ашу туралы қарар да қабылданып қойыпты. Ол сондай-ақ әлемде ауқымды 3 рейтинг бар екенін, оның ішінде QS-ке биыл 21 университет қатысып жатқанын жеткізді. Жаңадан тұсауы кесілген жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі сапалы білім жолында және талапкерлер мен ата-аналарға нұсқаулық ретінде қызмет ететінін айтты.
"QS және Times Higher Education сарапшыларымен бірігіп, рейтинг жасадық. Ұлттық рейтингте жоғары оқу орны көтерілсе, екі негізгі рейтингте де көтеріледі. Қойылатын шарттар мен индикаторлар, көрсеткіштер ұштастырылған", - деді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, саммиттің қорытынды жиынын 8 қарашада Гонконгта өткізу жоспарланыпты.
Одан бөлек, бүгін шаһарда тағы бір елеулі оқиға болды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жаңа кітапхананың ашылу салтанаты өтті.
"Біз заманауи талаптарға және халықаралық стандартқа сай, жаңа ғылыми кітапхана ашып отырмыз. Бұл – тек кітаптар қоймасы емес, білім мен мәдениеттің нағыз орталығы болатын әлемдегі ең ірі үздік тәжірибелерге сәйкес салынған кітапхана. Ғылыми кітапхана Серәли Қаниевтің өзінің кәсіби өмірін осы университетке арнаған көрнекті ғалым, педагогтың атымен аталды", - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жаңа кітапхананың жалпы аумағы 2 195 шаршы метрге, ондағы орын саны 550-ге дейін ұлғайтылған. Онда 2 оқу залы, 14 жеке оқу кабинасы бар. Кітап қоры – 1 миллионнан асады.
Атап өтер жайт, бүгінде Алматы қаласында 35 жоғары оқу орны бар, онда 199 мыңнан астам студент оқиды. Ал оның 124 мыңы елдің өзге өңірінен келген.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов, Аlmaty TV
Оқи отырыңыз: Медеу мұз айдыны биылғы сырғанау маусымын 15 күнге ерте бастамақ