Шұғыла шағынауданында спорт алаңы бар жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады

11.11.2024 16:42

Абаттандыру жобасының іске асырылу барысымен танысқан Ерболат Досаев оны ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтауды, бар кемшіліктерді жоюды, жарықтандыру жүйесін қосуды тапсырды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында  және Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған балалар және спорт алаңдары бар жаяу жүргіншілер аймағының құрылысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурызбай ауданының негізгі жобаларының бірі — Шұғыла шағынауданының 10 мың тұрғыны үшін демалатын орынға айналатын жаяу жүргіншілер аймағын салу. 

«Біз бұл жобаны өзіміз ұсындық. Міне, бүгін біз оны жүзеге асырудың қалай жүріп жатқанын көреміз. Біздің үйлердің тұрғындары үшін бұл үлкен оқиға болады. Әр кеш сайын көңілді серуен құратын боламыз», - деп атап өтті осы ауданда тұратын әйел.

Қоғамдық кеңістікке ұзындығы 350 метрлік жаяу серуендеу алаңы, балалар ойнайтын, сонымен қатар, баскетбол, воркаут алаңдары және амфитеатр кіреді. Бүкіл аумақта көше жиһаздары мен шағын сәулет пішіндерін орналастыру, сондай-ақ автоматтандырылған суару жүйесін және көше жарықтандыру бағаналарын орнату жоспарлануда. Қазіргі уақытта ағаштар, бұталар отырғызылды, газон жасалды. 

Абаттандыру жобасының іске асырылу барысымен танысқан Ерболат Досаев оны ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтауды, бар кемшіліктерді жоюды, жарықтандыру жүйесін қосуды тапсырды. 

Өз кезегінде шағынаудан тұрғындары әкімге ересектер мен балалардың демалуына қолайлы жағдайлар, жайлы жаяу серуендеу аймағы үшін алғыстарын білдірді. Олардың өтініші бойынша жаяу жүргіншілер аймағының бойында видеобақылау камералары орнатылады. 

Қала басшысы Алматыда жайлы қалалық ортаны құру бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атап өтті. 

«Өкінішке қарай, жеке саябақ аймағын жасауға мүмкіндігіміз жоқ қалада біз жаяу жүргіншілер аллеясының жобаларын қолданамыз. Қаланың барлық аудандарында осындай тартылыс аймақтары пайда болады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл - күй сыйлау үшін оларды жаңа жылға безендіреміз», - деді Ерболат Досаев. 

Ағымдағы жылы Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына 18,8 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын құру бойынша 364 жобаны ұсынуға және іске асыруға мүмкіндік алды.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жаңа стандарт бойынша абаттандырылған аулалармен танысты