Shymbulak халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды

30.10.2026 14:19

Алматы тау кластерін дамыту қаланың әлемдік туризмдегі орнын нығайтады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Shymbulak тау курорты SKI BUSINESS AWARDS 2026 халықаралық салалық сыйлығының лауреаты атанды. Velvet Shymbulak Club клубтық бағдарламасы туристік қызмет көрсету сапасын арттырып, жаңа қызмет көрсету стандарттарын енгізгені үшін марапатқа ие болды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Марапаттау рәсімі 28 қазанда Мәскеуде Туристік аумақтар форумы аясында өтті. Shymbulak курорты бұл сыйлықты бесінші рет иеленіп отыр. Бұған дейін курорт 2021, 2023, 2024 және 2025 жылдары түрлі аталымдар бойынша марапатталған.

Курорттың халықаралық деңгейде мойындалуы Алматы тау кластерін дамыту жұмыстарымен тұспа-тұс келіп отыр. Жоба аясында 32 жаңа аспалы жол салу, шаңғы трассаларының ұзындығын 151 шақырымға дейін жеткізу және курорт инфрақұрылымының тәулігіне 6 мыңнан 30 мың адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігін арттыру көзделген.

Қазір жұмыс Shymbulak курортында, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін курортта екі жаңа аспалы жол салынып, шаңғы тебу аймағын кеңейту жоспарланған.

Тау кластерін дамыту жыл бойы демалуға қолайлы жағдай жасауға, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға және тау курорттарын қала тұрғындары мен туристер үшін қолжетімді етуге бағытталған.

Туризм басқармасының мәліметінше, инфрақұрылымды кеңейту келушілер санын арттыруға, туристік қызмет түрлерін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыға өңірлерден арзандатылған бағамен 400 тонна азық-түлік жеткізіледі

Толық көрсету