Салтанатты іс-шараға 400-ге жуық бала қатысты
Алматыда дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Салтанатты іс-шараға 400-ге жуық бала қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда жыл сайын өткізілетін Президент шыршасы биыл да ерекше болды. Балаларға арнайы шоу-бағдарлама ұйымдастырылды. Ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі әртістерді көрген оқушылар мәз-мейрам болып, олармен бірге көңіл көтерді. Шырша мерекесіне келген бүлдіршіндерді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қала әкімі Ерболат Досаев құттықтады.
"Көптеген ғылыми жобаларға қатысып, шахматтан орындар алып, мәнерлеу оқу сайысынан бас жүлде алдым. Қызықты өтіп жатыр. Бәріңізді келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын! "– деді оқушы Алуа Жұмабек.
Биыл кішкентай қонақтарға арналған бағдарлама 2 бөлімнен тұрды. Алдымен жаңа жылдық интерактивті ойынға қатысып, көңіл көтерген балалар ары қарай мерекелік қойылымды тамашалады. Салтанатты іс-шараға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасының балалары да қатысты.
"Әуелі есіктің кілтін табу керек. Есіктің артында Аяз ата шығып, жаңа жылмен құттықтайды. Өте қызықты ұйымдастырылған. Ойындар қарастырылған және әрбір бала күтетін жаңажылдық сыйлық беріледі", – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Оқушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін цирк әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ әр балаға жаңажылдық тәттілермен қатар, бағалы сыйлықтар да тарту етілді.
Жансая Олжабек, Ялкунжан Әшіманов
Оқи отырыңыз: Алматы метросы Жаңа жылға орай безендірілді