SkyTrain: Алматыда 37 бекет салу жоспарланып отыр

17.11.2026 18:25

Алғашқы желіні Райымбек даңғылы бойымен салу көзделген

Алматыда қоғамдық көліктің жаңа түрі – SkyTrain жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, қала тұрғындары арнайы эстакадамен жүретін жерүсті рельсті көлікпен қатынай алады. Мамандардың болжамынша, жүйе тәулігіне 120 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Жаңа көлік түрі жолдардағы кептелісті азайтып, жолаушылардың діттеген жеріне жылдам жетуіне мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Almaty TV.

Алғашқы желіні Райымбек даңғылы бойымен салу көзделген. Ұзындығы 22,5 шақырым болатын бағыт «Барлық» көлік торабынан басталып, Талғар тасжолына дейін созылады. Жобаға сәйкес, бұл желіде 13 станса болады.

Екінші желі де «Барлық» көлік торабынан басталып, Рысқұлов даңғылы, Саин көшесі, әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автомобиль жолы арқылы «Шығыс қақпасына» дейін жетеді. Оның ұзындығы – 23,9 шақырым. Бұл бағытта 14 бекет салу жоспарланып отыр.

«Екінші желі “Барлық” көлік торабынан басталып, Рысқұлов даңғылы, Саин көшесі, әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автомобиль жолы арқылы “Шығыс қақпасына” дейін жетеді. Бұл желінің жалпы ұзындығы – 23,9 шақырым. Бағыт бойында 14 бекет салу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру жолаушылар тасымалына түсетін жүктемені азайтып, жолдардағы көлік кептелісін сейілтуге мүмкіндік береді», – деді Жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы Әйгерім Айтбаева.

Жылдам жүретін рельсті көліктің тиімділігі әлемдік тәжірибеде де байқалған. Мәселен, Қытайдың Чжэнчжоу қаласында жаңа желі іске қосылғаннан кейін бір бағыттағы жол жүру уақыты 65 минуттан 25 минутқа дейін қысқарған. Осылайша, жолаушылар 40 минут үнемдеген. Сонымен қатар алғашқы жылдың өзінде көмірқышқыл газының таралуы шамамен 34 мың тоннаға азайған.

Алматы тұрғындары да жаңа жобадан үміт күтеді. Олардың айтуынша, Райымбек даңғылы мен Саин көшесінде, әсіресе таңертең және кешкі уақытта көлік кептелісі жиі болады.

«SkyTrain жобасын қолдаймыз. Себебі өзім студент болғандықтан, Саин мен Райымбек көшелерінде кептелісте көп тұрып қаламыз. Әсіресе таңертең және кешкі уақытта діттеген жерімізге жету қиын. Сондықтан бұл жоба өмірімізді әлдеқайда жеңілдетеді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ғазиза Жұмамуратова.

«Біз үшін жерүсті көлігі сияқты жаңа жобалардың жүзеге асуы өте маңызды. Метроның да маңызы зор. Өйткені қаланың төменгі бөлігінен жоғарғы жағына қарай күн сайын қатынайтын адам көп. Мысалы, Шығыс айналма жолындағы автобустардың өзі қазір студенттерге лық толы. Таңертең жастардың бәрі оқуға барады, кешке үйлеріне қайтады. Сондықтан жаңа көлік түрі қала тұрғындарына үлкен көмек болады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Татьяна Чумакова.

«Жақсы идея деп ойлаймын. Себебі өзім студентпін, Райымбек даңғылы бойымен жиі қатынаймын. Әсіресе кешке қарай көлік кептелісінде ұзақ тұрамыз. Бұл жоба сол мәселені шешеді деп үміттенемін», – деді қала тұрғыны Әнел Бағдатова.

Еске салайық, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да қоғамдық көліктің жаңа түрлерін дамытудың маңызын атап өткен болатын. Қала басшысы өз мақаласында SkyTrain жобасына арнайы тоқталып, оның басты артықшылығы автокөлік қозғалысына тәуелсіз екенін айтқан. Яғни, пойыз көлік кептелісіне тап болмайды және бағдаршамның жасыл жануын күтпейді.

Жобаға сәйкес, SkyTrain жүйесінің екі желісінің құрылысын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.

АЙДАНА ШАЛҚАР, Рашиддин Якупов, Almaty TV, Алматы.

Толық көрсету