Бұл ережелер нүктелі құрылысқа, тау бөктерлерінің, жасыл аймақтар мен аулалардың игерілуіне жол бермеу мақсатында әкімдік тарапынан әзірленген
Алматыда мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар қаланың жаңа құрылысы ережелерін бекітті. Бұл ережелер нүктелі құрылысқа, тау бөктерлерінің, жасыл аймақтар мен аулалардың игерілуіне жол бермеу мақсатында әкімдік тарапынан әзірленген. Бұған дейін құжат сарапшылармен және жұртшылықпен кеңінен талқыланған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеген қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев жаңа ережелер құрылысқа қатаң шектеулер енгізуді, көппәтерлі тұрғын үйлерді қабылдауда мемлекеттік органдардың бақылауын күшейтуді, сондай-ақ сәулет-құрылыс бақылау органдарының функцияларын кеңейтуді қарастыратынын атап өтті.
Жаңа ережелер қандай шектеулерді көздейді?
Абай даңғылы мен әл-Фараби даңғылы арасындағы құрылысқа биіктік шектеуі белгіленді: барлық үлгідегі ғимараттың биіктігі 9 қабаттан және 35 метрден аспауға тиіс.
Ерекшелік тек қоғамдық маңызы бар, сәулет-урбанистикалық негіздемесі бар, жобалық шешімдердің орнықтылығы мен экологиялық талаптарға сай, энергия үнемдеу және ресурс үнемдеу технологияларын қолдану арқылы салынатын бірегей нысандарға ғана жасалады.
Сондай-ақ жаңа ережелер сейсмикалық қауіпті аймақтар мен тау бөктерлеріндегі ШААЖ, әл-Фараби даңғылы, Саин мен Жандосов көшелерінің оңтүстігіндегі құрылыс тәртібін реттейді:
- Тау бөктеріндегі, соның ішінде еңіс бұрышы 15 градустан асатын аумақтарда құрылыс салуға тыйым салынады;
- Бұрын қабылданған ғимараттардың биіктігі 12 метрден және 3 қабаттан аспауға тиіс деген шешім бекітілді (қоғамдық-мәдени нысандардан басқа);
- Қайта құру кезінде террасалар мен техникалық қабаттарды қайта жабдықтауға тыйым салынады.
Бұған қоса, қаланың барлық аумағында III санаттан төмен емес тұрғын үй салу талабы бекітіледі және әр пәтерге кемінде 1 автотұрақ орнын қарастыру қажет.
Нүктелі құрылысқа жол бермеу және рекреациялық аймақтарды сақтау жөніндегі шаралар
Алматыда тұрғын кварталдар мен аулаларда нүктелі құрылыстың салыну мәселесі өзекті болып отыр. Бұрын заңнамалық тұрғыда жасыл аймақтар мен ауладағы балалар алаңшаларында құрылыс салуға тыйым болмаған жағдайда, жаңа ережелерде мұндай құрылысқа қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар, қаланың орталық магистральдарында, әлеуметтік нысандар мен адамдар көп жиналатын орындардың маңында жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету орталықтарын салуға тыйым салынады.
Табиғи қорларды және аулалық рекреациялық аймақтарды сақтау мақсатында құрылыс аумағын кеңейту үшін табиғи ландшафтты өзгертуге, тау бөктерлеріндегі жыралар мен жылғаларды жабуға, тау бөктерін кесуге тыйым салынады.
Оқи отырыңыз: Екібастұзда көлік жөндейтін стансада өрт шығып, екі көлік жанып кетті