Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Білім басқармасының стратегия және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуалды оқыту мен халықаралық ынтымақтастықтың дамуы туралы айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Спикердің айтуынша, колледждердің басты артықшылығының бірі оқу үдерісінің өндіріспен тығыз байланысы. Бүгінде 22 мыңнан астам студент немесе мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылардың 43,7%-ы дуалды жүйе бойынша оқып жатыр.
«Дуалды оқыту студенттерге мамандықты тікелей өндіріс орнында меңгеруге және еңбек нарығына практикалық дағды мен жұмыс тәжірибесімен шығуға мүмкіндік береді», — деді Ерік Әбішаев.
Бұл модельді іске асыру үшін 71 мамандық бойынша 770 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша колледж түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі 94,3%, оның ішінде 17 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа тұрған.
Сонымен қатар шетелдік серіктестермен ынтымақтастық аясында Алматыдағы алты колледждің 110 студенті Қытайда тағылымдамадан өтті, ал 16 студент Германия кәсіпорындарында ақылы өндірістік практикаға қатысты.
«Халықаралық тағылымдамалар мен қос диплом бағдарламалары студенттерге бәсекеге қабілетті дағды алуға және тек ұлттық емес, халықаралық еңбек нарығында да сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді», — деді спикер.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде студенттердің кәсіби дағдысын халықаралық стандарттарға сай дамытуға ерекше назар аударылады. Алматының мемлекеттік колледждерінде WorldSkills стандарты бойынша демонстрациялық емтихандар енгізілген, бұл түлектердің кәсіби даярлық деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, бұл жай ғана жарыс емес, кәсіби құзыреттерді бағалау құралы. Ол студенттерге дағдысын растауға, ал жұмыс берушілерге болашақ мамандардың нақты дайындық деңгейін көруге мүмкіндік береді.
2025 жылы демонстрациялық емтихандарды 3 620 түлек тапсырды, олардың 3 521-і Skills Passport алды. Алматыда студенттер өндірістік жағдайға барынша жақын ортада тәжірибелік дағдысын жетілдіретін 18 құзырет орталығы жұмыс істейді. WorldSkills өңірлік және іріктеу чемпионаттарының қорытындысы бойынша жеңімпаздарға әкімдік тарапынан жалпы сомасы 9 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Бұл студенттерді қолдау мен ынталандырудың қосымша шарасына айналды.
Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында 10-нан астам кәсіпорын шағын өнеркәсіп парктеріне алаң дайындап жатыр