Тағы бір күн қалуға тура келді: Канье Уэст жанкүйерлерінің көңіл күйі қандай

15.08.2026 20:28

Кадр из видео

Алматыдағы Канье Уэсттің көптен күткен концерті 15 тамызға ауыстырылды. Концерттің күні өзгергеніне қарамастан, әлемдік жұлдыздың жанкүйерлері Орталық стадионға жиналып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеше концертті күткен көрермендер бүгін де үмітін үзбей, сүйікті әртісінің өнерін тамашалауға дайын. Жанкүйерлер арнайы плакаттар дайындап, концертке тыңғылықты әзірленіп келген.

Ресейден келген қонақтардың бірі қауіпсіздік басты орында екенін айтты.

«Канье Уэст перфекционист секілді. Бәрінің 100 пайыз күшті өткенін қалайды. Бұл да дұрыс», – дейді ол.

Ал Жансая есімді жанкүйер Дубайда тұрады екен. Ол Алматыда екі апта болып, бүгін таңертең ұшып кетуі керек болған. Алайда концерттің кейінге шегерілуіне байланысты ұшақ билетін ауыстырып, қалада тағы бір күн қалуға тура келген.

«Бүгін таңертең ұшуым керек еді. Бірақ концертті өткізіп алмау үшін билетімді ауыстырдым. Енді тағы бір күн Алматыда боламын», – дейді Жансая.

Концертке келген көрермендерге жағдай жасау үшін еріктілер де жұмыс істеп жатыр. Олар стадион маңында келушілерге бағыт-бағдар көрсетіп, кезекті оңтайландырып жатыр.

«Шаршаған жоқпыз. Концерттің жақсы өтуі және барлығына ыңғайлы болуы үшін барымызды салып жатырмыз», – дейді еріктілер.

Ал концертке келген кейбір жанкүйерлер Алматыдағы жол қозғалысының ұйымдастырылуына да оң бағасын берді. Олардың айтуынша, қалада кептеліс байқалмай, Орталық стадионға тез әрі кедергісіз жеткен.

«Кептеліс болған жоқ. Стадионға тез жеттік. Қалада жол қозғалысы жақсы ұйымдастырылған екен», – дейді кеш қонақтарының бірі.

Концерттің ауысқанына қарамастан, жанкүйерлердің көңіл күйі жақсы. Көпшілік үшін бастысы – көптен күткен жұлдыздың сахнаға шығуын көру.

Оқи отырыңыз: Канье Уэсттің концерті кезінде Орталық стадион аумағында Tele2/Altel қызметтері уақытша шектеледі

Толық көрсету