Алматының тауы Швейцарияны еске салды: Алматыға келген туристер саны артып келеді

19.09.2026 20:31

Алматының өзгелерден даралайтын ерекшелігінің бірі – алып шаһар мен асқар таудың іргелес орналасуы

Алматыға ағылған туристер қатары жыл санап артып келеді. Былтыр мегаполиске 2,5 миллионға жуық саяхатшы келген. Оның 754 мыңы – шетелдік қонақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының өзгелерден даралайтын ерекшелігінің бірі – алып шаһар мен асқар таудың іргелес орналасуы. Қала орталығынан шығып, аз уақытта Алатаудың бөктеріне жетуге болады. Мұндай табиғи мүмкіндікке қызығушылық та жоғары. 2025 жылы Алматыға 2 миллион 487 мың турист келген. Соның 1,7 миллионнан астамы – еліміздің өзге өңірлерінен келген саяхатшы. Ал шетелдік қонақ саны 754 мыңға жетіпті. 

«Алматыға алғаш рет келуім. Тауларыңыздың сұлулығына таңғалып тұрмын. Керемет әсер қалдырды! Бұған дейін таныстарым осы жер туралы көп айтатын», – деді турист Ирфан Шег  (Үндістан).

 «Тауларыңыз маған Швейцарияны еске салды. Биік әрі әдемі. Аспалы жолмен жоғарылаған сайын табиғаттың көркіне одан сайын таңғала түсесің. Келесі жолы міндетті түрде отбасыммен бірге келемін», – деді турист Лидия  (Индонезия).

 Қазір Алматы әлемнің 70-ке жуық бағытымен тікелей әуе қатынасы арқылы байланысқан.Сарапшылар «халықаралық тау туризмінің орталығы болу үшін саяхатшыларды қалаға жеткізу аздық етеді» дейді. Олардың пікірінше, тауда жыл он екі ай жұмыс істейтін инфрақұрылым қажет.

«Қаланың табиғи мүмкіндігі өте жоғары. Егер тау шатқалдарын өзара байланыстырып, инфрақұрылымды жүйелі дамытсақ, оның әсері турист тартумен шектелмейді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік пен қызмет көрсету салаларына серпін береді. Алматының бұл бағытта әлеуеті зор», – деді  «Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.

Алматының халықаралық тау туризмінің әлеуетін арттыру үшін шаһарда екі ірі жоба қолға алынған. Олар – «Алматы тау кластері» мен «Almaty SuperSki». Қос бастама тау инфрақұрылымын кеңейтіп, төрт маусымдық демалысты дамытуға бағытталған. Түпкі меже – Алатау баурайындағы мегополисті халықаралық тау туризмінің танымал орталықтарының біріне айналдыру.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда 200 электр автобусын қуаттайтын автопарк жұмысын бастамақ

Толық көрсету