Іріктелген 20-ға жуық үміткер бақ сынады
Алматыда үш тілді еркін меңгерген жас қызметкерлер арасында дәстүрлі «Тіл шебері» атты қалалық байқау өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһардың 8 ауданынан іріктелген 20-ға жуық үміткер төрт кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы айналымда қатысушылар қазақ тілінде тарихи сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде орыс тілінде салт-дәстүр мен этнографиялық ұғымдарға қатысты тапсырмаларды орындады. Ал үшіншісінде жас қызметкерлер ағылшын тілін меңгеру деңгейін айқын байқатса, шешуші айналымда өнерін ортаға салып, шығармашылық қабілетін танытты.
Айта кету керек, байқау барысында тек тілдік сауаттылық емес, сондай-ақ ойды көркем әрі мәдени тұрғыда жеткізе білу шеберлігі де назарға алынды.
«Мақсаты – жастардың тілді меңгеруге деген ынтасына қолдау көрсету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Яғни көп тіл білген азамат ол бәсекеге қабілетті болады. Кез келген жағдайда қоғамнан орнын таба алады, – деді Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбетов.
«Комьюнити орталықта іріктеуден өттік. Бірінші рет қатыстым. Тарихшы болғандықтан бірінші тур ұнады. Ал үшінші турда қорқып тұрмын. Себебі ағылшын тіліне еркін сөйлеу үшін тәжирбе керек. Польшада білім алдым, бірақ барлығы ұмытылып қалды», – деді Алатау ауданы комьюнити орталығының жоба менеджері Гүлдана Абайқызы.
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық цирк фестиваліне 16 елден келген артистер қатысады