Алматының Түрксіб ауданында 13 км жаңа жол салынып жатыр

18.10.2024 10:45

Ерболат Досаев сондай-ақ, биыл Түрксіб ауданы арқылы өтетін 10 маршрутта 195 автобустың жаңартылғанын атап өтті

Almaty.tv

Түрксіб ауданының жол инфрақұрылымын жаңарту, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала басшысының айтуынша, биыл қазан айының соңына дейін 39 көшеде 41,7 км жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталады. Қазіргі уақытта 18 көшеде 30 км жол жөнделді.

«Ауданға қосылған шағын аудандардың жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Мәселен, «Әлмерек» және «Қайрат» шағын аудандарында 13 көшеде 13 км жаңа жол салынып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 5 көшеде 5,3 км жол салу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, қазан айының соңына дейін «Жас Қанат» шағын ауданында 19 көшеде 2,5 км жол салу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Жұмыстарды 2025 жылдың 2-тоқсанында аяқтау көзделген», - деді Ерболат Досаев.

Кездесу барысында қала әкімі ауданның жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да назар аударды.

Мысалы, биыл қосымша 160 «Сергек» камерасы орнатылды. Соның нәтижесінде аудандағы осындай камералардың жалпы саны 816-ға жетіп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мен бақылауды күшейтті.

Ерболат Досаев сондай-ақ, биыл Түрксіб ауданы арқылы өтетін 10 маршрутта 195 автобустың жаңартылғанын атап өтті. Бұл күту уақытын орта есеппен 15 минуттан 7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін аудан аумағында 5 жаңа қала маңы маршруттарын іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылы басталғалы бері «Мектеп автобусы» жобасы аясында ауданға қосылған автобустар саны 8-ден 25-ке дейін ұлғайтылды, бұл 8 мектептен 2 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, мектеп автобустары Алматыда 2023 жылы әкімдік жобалық кеңсесінің аясында алыс орналасқан мектептерде оқитын кіші жастағы оқушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске қосылған болатын.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Баум тоғайы келесі жылы абаттандырылады