Ұлттық өнер ұлықталған күн: Алматыда домбыра мерекесі қалай аталып өтті

Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Халық домбырасы» акциясы өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Ұлттық домбыра күніне орай бірнеше мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Алдымен Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Халық домбырасы» акциясы өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық аспапта күй орындауға мүмкіндік берілді. Оған кәсіби күйшілермен қатар, домбыраны енді меңгеріп жүрген қатысушылар да қосылып, қазақтың күй өнерін бірге насихаттады.

«Біздің мақсатымыз – алматылықтарды мерекенің белсенді қатысушысына айналдыру. Осыған орай «Халық домбырасы» акциясын өткіздік. Кез келген адам келіп, домбырада күй орындап көре алады. Белсенділік танытқан қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталады», — деді Қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайриев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қоғамдағы бірлікті нығайтып, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттыру. Ал мерекеге жиналған алматылықтар ұлттық аспаптың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтты.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" дейді ғой. Мерекеміз құтты болсын, болашағымыз жарқын болсын. Осындай саналы, тәрбиелі ұрпағымыз көп болсын. Сан ғасырлық мұрамыз сақталып, бабаларымыздың күйлері ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін», — деді Қызылорда тұрғыны Жұлдыз Кәрибаева.

Мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ. Кейін Орталық саябақ сахнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті. Көрермендер халық күйлері мен дәстүрлі әндерді тыңдап, ұлттық музыка өнерінің жауһар туындыларын тамашалады. Концертке белгілі өнерпаздар қатысып, мерекелік кештің сәнін келтірді.

«Қара домбырамызды, жалпы ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауымыз керек. Әсіресе жастар домбыраны танып, қадірлеуі маңызды. Қуантарлығы, бүгінде үлкендерден бастап жас балаларға дейін домбыраға деген қызығушылық артып келеді. Қазақтың күмбірлеген күйі ешқашан үзілмей, әрдайым шырқала беруі керек», — деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі, домбырашы Сағдат Ақжолова.

Оқи отырыңыз: Алматыда 100 домбырашы бір мезетте «Балбырауын» күйін орындады