Ауыр эпилепсияға шалдыққан балалар үшін жаңа мүмкіндік: Алматыда жоғары технологиялы ота жасалды

19.05.2026 11:00
пресс-служба акима Алматы

Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында дәріге көнбейтін туа біткен эпилепсиясы бар 12 жастағы балаға күрделі нейрохирургиялық ота жасалды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Балада эпилепсия ұстамасы жиі әрі ауыр өткен. Дәрілік ем нәтиже бермеген соң дәрігерлер кезбе жүйкені стимуляциялау (VNS - Vagus Nerve Stimulation) әдісіне жүгінген. Бұл - эпилепсияның ауыр түрін емдеуде қолданылатын заманауи тәсілдің бірі.

VNS тәсілі дәрі-дәрмек әсер етпейтін, яғни фармакорезистентті эпилепсия кезінде қолданылады. Сондай-ақ миға ашық ота жасауға болмайтын немесе қауіп жоғары саналатын жағдайда ұсынылады.

Ота кезінде науқастың сол жақ бұғана тұсына шағын электронды құрылғы - генератор орнатылды. Одан мойын тұсындағы кезбе жүйкеге электрод жалғанды. Құрылғы әлсіз электр импульсы арқылы мидағы патологиялық белсендікті бәсеңдетіп, эпилепсия ұстамасының жиілігі мен ауырлығын азайтуға көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, емнің нақты нәтижесі құрылғы орнатылғаннан кейін бір-екі жыл ішінде байқалады. Статистикаға сәйкес, мұндай ем алған науқастың көпшілігінде ұстама саны едәуір төмендейді.

Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жасалды. Отаға Орталықтың нейрохирургтері Ахан Рахым Айдарұлы мен Алтай Анарбай Әбдіқайымұлы қатысты.

Бүгінде Орталықта балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмектің мүмкіндігін кеңейтіп, жоғары технологиялы емдеу тәсілдерін енгізу жұмысы жалғасып келеді.

Оқи отырыңыз:  Алматыдағы «Музей түні» акциясына 28 мыңнан астам адам қатысты