Алматы командасы Central Asia FIRST Championship 2026 турнирінде ең жоғары марапатқа ие болды

13.02.2026 15:47

Алматы оқушылары – халықаралық робототехника чемпионатының жеңімпаздары, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2026 жылы 10–13 ақпан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында FIRST Robotics – Central Asia FIRST Championship & Drone Racing 2026 халықаралық фестивалі өтті. Ауқымды додаға жеті елден 3000-нан астам оқушы қатысты.

Жоғары нәтижеге Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері қол жеткізді. FIRST LEGO League Explore санатында Alem Innovators командасы турнирдің ең жоғары марапаты — Champions Award Winner атағын иеленді.

Команда құрамында Айша Кенжебай, Нұрберген Жәнібек, Досан Дәулет және Омар Ерланұлы бар. Жетекшісі — Айдана Аманбекқызы Ермек.

Бұл жеңіс алматылық жас өнертапқыштарға АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST әлемдік финалында Қазақстан атынан қатысуға жол ашты.

Аталған жетістік – Алматыда оқушылардың инженерлік және техникалық шығармашылығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі әрі мақсатты жұмыстың нәтижесі. Инновациялық орталықтар балаларды робототехникаға, бағдарламалауға және заманауи технологияларға ерте жастан тартуға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілетті жас инженерлер буынын қалыптастыруда.

Чемпионатқа сондай-ақ Kazbots және Alash командалары да қатысып жатыр. Өзге санаттар бойынша қорытынды алдағы күндері жарияланады.

STEM-білім беруді дамыту және дарынды оқушыларды қолдау Алматы қаласының білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметтері мұз аралас жаңбыр кезінде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етті