Үш жылдық бюджет бекітілді: Алматыда қандай салаларға көбірек қаржы бөлінбек

06.12.2024 21:43

Келер жылға Алматы бюджеті 2 трлн 200 млрд теңге сомасына жоспарланған

Алматының 3 жылдық бюджеті бекітілді. Бөлінген қаражат мегаполистегі маңызды салаларға жұмсалмақ. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиынға қатысқан шаһар әкімінің сөзінше, келер жылға Алматы қаласының бюджеті 2 трлн 200 млрд теңге сомасына жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

"Алматыда абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі шаруалар атқарылып жатыр". Қалалық мәслихаттың бюджетті бекіту бойынша сессиясына қатысқан Ерболат Досаев осылай деді. Шаһар әкімі мегаполисті абаттандырып, жасыл қордың аумағын арттыру үшін 2025 жылы қаржыландырудың 40%-ға, яғни 170,5 млрд теңгеге дейін ұлғаятынын айтты. Сондай-ақ Алматыда аулалар мен көше-жол желісінің тазалығына қатысты жаңа қағидат енгізілгенін сөз етті.

"Бүгінде әлемнің дамыған мегаполистерінде көшелерді «фасадтан фасадқа дейін» кешенді абаттандыру принципі бойынша барлық инфрақұрылымдық қабаттарды модернизациялау жүзеге асырылуда. Біз бұл тәжірибені алғаш рет Алматыда қолдана бастаймыз. Қазіргі уақытта Достық даңғылының және Пушкин көшесінің жобалауы аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурызында басталады, оған бюджетте 3,7 млрд теңге қарастырылған", - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Алматыда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы қарқынды жалғасып жатыр.  Соңғы үш жылда 39,1 млрд теңге сомасына 938 жоба іске асырылған. Шаһардағы экологиялық мәселелер де шешімін тауып келеді.

"Келесі жылы қаланы тазалауға қосымша қаражат бөлініп, қаржы 10 пайызға өсіп жатыр. Өткен жылдан бері аулаларды тазалауға кірістік. Бұл салада 35 мердігер жұмыс атқарады", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Жиында келер жылы ғимараттарды сейсмикалық күшейтуге арналған қалалық бағдарлама әзірленетіні де сөз болды. Нысандардың беріктігін анықтау халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы Жапония, АҚШ және Израиль үлгісінде ғимараттарды сейсмикалық күшейтуге арналған жоба енгізіледі. Сондай-ақ бекітілген бюджетте көлік инфрақұрылымына қатысты бірқатар жобаны аяқтауға қаражат қарастырылған.

"2025 жылы қаланың көлік каркасының жоспарына сәйкес 3,5 млрд теңге сомаға 3 транспорттық тоқтау кешендерінің құрылысы аяқталады. Көлік байланысын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы 8,5 млрд теңгеге Сейфуллин - Жансүгіров көшелерінің қиылысында көлік жол айрығының құрылысын аяқтау және Саин көшесі мен Абай даңғылын ұзарту жоспарланған", - деді Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков.

Басқосуда келер жылы Баум тоғайын абаттандыру жоспарланғаны да айтылды. Ауданы 137,7 гектар болатын аумақ түрленіп, тұрғындарға жайлы бола түседі. Сонымен қатар бекітілген бюджет қаражатының бір бөлігі Үлкен Алматы шатқалындағы "Алма-Арасан" радон көзін қайта жаңартуға жұмсалады.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: 2025 жылы Алматыда көгалдандыру мен экологиялық жобаларға 10,6 млрд теңге бөлінеді