Алматының Алатау ауданында жаңа мектептер, қоғамдық кеңістіктер және инженерлік инфрақұрылым таныстырылды

31.07.2026 14:47

Алатау ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысы таныстырылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Нысандарды Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев таныстырып, жобалардың іске асырылу кезеңдері, әлеуметтік маңызы және ауданның алдағы даму мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Баспасөз турының алғашқы нысаны Ақмаржан шағынауданында орналасқан №230 жалпы білім беретін жаңа мектеп болды. Заманауи білім беру мекемесі 2 мың оқушыға арналған және толыққанды жұмысын бастау үшін барлық қажетті рұқсат құжаттарын алған.

«Бүгінде Алатау ауданында 35 мектеп жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл екі заманауи Келешек мектебі пайдалануға беріледі. Соның бірі – 2 мың оқушыға арналған осы мектеп. Қазірдің өзінде мұнда 1700-ден астам бала қабылданды, ал 1 қыркүйекке қарай мектеп оқушыларды толық қабылдауға дайын болады. Әрине, аудандағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Дегенмен жаңа мектептердің ашылуы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені едәуір азайтады. Биыл тағы бірнеше мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл оқушы орындарының жетіспеушілігін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», – деді Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев.

№230 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жобаның басты мақсаты – қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда информатика, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, STEM-зертхана, мамандандырылған шеберхана, ресурстық орталығы бар кітапхана және кең демалыс аймағы қарастырылған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін инклюзия кабинеттері мен сенсорлық бөлме жабдықталған.

Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Мектепте бейнебақылау және Face ID қолжетімділікті бақылау жүйелері енгізілген, сондай-ақ оқушылардың қозғалысы жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Ғимарат жоғары сейсмикалық төзімділікке ие.

Мектеп аумағында спорт алаңы, стадион, workout аймағы, теннис корты және амфитеатр салынған. Жаңа білім беру нысаны №201 және №209 мектептерге түсетін жүктемені едәуір азайтып, шағынаудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.

Баспасөз турының келесі нысаны Нұркент шағынауданындағы жаңа қоғамдық кеңістік болды. Скверді көріктендіру жұмыстары биыл мамыр айында басталып, қазіргі уақытта белсенді кезеңде жүзеге асырылуда.

Жоба балалар мен ересектерге арналған жайлы әрі заманауи демалыс орнын құруды көздейді. Мұнда серуен аллеялары, демалыс аймағы, заманауи шағын сәулет нысандары, балалар ойын алаңы, жасыл желек және автоматты суару жүйесі салынады.

«Жұмыстар 26 мамырда басталды және белгіленген мерзімде аяқталады. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнда жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талабына сай келетін заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады. Отбасылық демалыс пен спортпен айналысуға қолайлы орта құруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жобада қарастырылған барлық құрылым кезең-кезеңімен аяқталады. Көріктендіру жұмыстары толық біткен соң бұл орын аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналатынына сенімдімін», – деді Данияр Қырықбаев.

Жоба аясында 5,8 мың шаршы метрден астам кеспетас төселіп, 22 мың шаршы метрден астам көгал егілмек. Сондай-ақ 4,3 мыңнан астам бұта отырғызылды. Тұрғындардың қолайлығы үшін 40 орындық пен қоқыс жәшігі, 21 шағын сәулет нысаны және сыртқы жарықтандырудың 120 тірегі орнатылады. Жұмыс аяқталғаннан кейін сквер тұрғындардың демалыс және бос уақытын өткізуге арналған жаңа қоғамдық кеңістікке айналады.

Мердігер ұйымның директоры Дидар Қонысбаевтың айтуынша, көріктендіру жобасы аясында шамамен 3,5 гектар аумақта заманауи қоғамдық кеңістік салынып жатыр. Ол жақын маңдағы тұрғын үйлерде тұратын 1 800-ден астам тұрғынның жайлы демалуына мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі жұмыстарды қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың сұранысына сай келетін жайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру», – деді мердігер ұйым өкілі.

Баспасөз турының соңғы нысаны Теректі шағынауданы болды. Мұнда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға арналған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – тұрғындарды заманауи инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етіп, ауданның өзекті мәселелерінің бірін шешу.

Мердігер ұйымның мәліметінше, жоба аясында жалпы ұзындығы 92 шақырымнан асатын су құбыры және кәріз желілері салынады. Қазіргі уақытта жұмыстардың едәуір бөлігі орындалған. Жоба аяқталғаннан кейін шамамен 9 мың адам тұратын 1700-ге жуық жеке тұрғын үй орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосылады.

Аудан әкімінің айтуынша, тұрғындарды сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – аумақты дамытудың басым бағыттарының бірі. Жоба толық аяқталғаннан кейін Теректі шағынауданы орталықтандырылған су құбыры және кәріз жүйелерімен толық қамтылып, тұрғындардың өмір сүру жайлылығы артып, негізгі коммуналдық қызметтердің болмауына байланысты әлеуметтік мәселелер шешімін табады.

Баспасөз турын қорытындылаған Данияр Қырықбаев Алатау ауданы бүгінде мегаполистің ең қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауданда білім беру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі жобалар қатар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді