25 маусымнан бастап Алматының Алмалы ауданындағы бірнеше көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа схемаға сәйкес:
* Прокофьев көшесінде Абай даңғылынан Кіші Абай көшесіне дейінгі аралықта – солтүстік бағытта;
* Кіші Абай көшесінде Прокофьев көшесінен Брусиловский көшесіне дейінгі аралықта – шығыс бағытта;
* Түркебаев көшесінде Сәтбаев көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта – солтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылады.
Бұл өзгерістер көшеде көліктің көптеп жүру қабілетін арттыруға, көлік жүктемесін азайтуға және жолдағы қауіпті жағдайдың алдын алуға бағытталған.
Шешім көлік легіне жүргізілген талдау мен аудан тұрғындарының өтініші негізінде қабылданды. Мамандардың айтуынша, жаңа схема көлік қозғалысын реттеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылады. Оның тиімділігіне жүргізілетін мониторинг қорытындысы бойынша жол қозғалысын одан әрі ұйымдастыруға қатысты қосымша шешімдер қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Медеу ауданында Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта және Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізілген болатын. Сондай-ақ, Әуезов ауданындағы Атамекен көшесінің (Атамекен шағынауданы) №103 үйден №108 үйге дейінгі бөлігінде де оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылған.
Оқи отырыңыз: Алматының орталығында заңсыз сауда нысандары сүрілді