Алматыда 7,5 мыңнан астам бала инклюзивті білім беру аясында білім алып жатыр. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 87 пайызға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл мәліметтер қаланың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу барысын бағалайтын және алдағы жұмыс бағыттарын айқындайтын екінші Ерікті жергілікті шолу (ЕЖШ) есебінде жарияланды.
Құжат БҰҰ әдіснамасына сәйкес, қала әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласын дамыту орталығы әзірленген. Есеп қалалық бастамалардың тиімділігін саралауға, негізгі шектеулерді анықтауға және басқарушылық шешімдерді негіздеуге арналған.
Шолудың негізгі бағыты – инклюзия, яғни қала ортасының, қызметтердің және инфрақұрылымның халықтың барлық санаты үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Есепте білім беру, денсаулық сақтау, көлік, әлеуметтік қолдау және цифрлық сервистер секілді қалалық өмірдің маңызды салалары қамтылған.
Құжатты әзірлеуге мемлекеттік органдар, сарапшылар, ғылыми орта өкілдері және азаматтық қоғам институттары қатысқан. Атап айтқанда, бұл жұмысқа Алматы Азаматтық альянсы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Тұран» университеті, сондай-ақ қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Қасиет Омарова тартылған.
Ерікті жергілікті шолу жүйелі талдау құралы ретінде қалада іске асырылып жатқан шаралардың нақты нәтижесін бағалауға, даму басымдықтарын белгілеуге және қалалық саясаттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: «Таза Қазақстан»: Алматыда 2026 жылы 550 мыңнан астам жасыл желек егіледі