Науқастар ауырсынуды басу әсерінің жоғары екенін атап өтуде
Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада науқасты ояу сақтай отырып, бірнеше анатомиялық аймақты бір мезгілде және қауіпсіз түрде ауырусыздандыруға мүмкіндік беретін аймақтық анестезия әдістері енгізілді. Бұл әдіс политравмалар мен күрделі клиникалық жағдайларда қолданылады. Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұрын политравма кезінде — мысалы, қол мен аяқтың бір мезгілде сынуында — науқастарға, әдетте, жасанды өкпе желдетуімен жалпы анестезия жасалатын. Қазіргі таңда кейбір жағдайларда біріктірілген аймақтық анестезияны қолдану арқылы жалпы анестезиясыз операция жасау мүмкіндігі пайда болды.
«Бұрын бір мезгілде аяқ-қолтың бірнеше жерден сынуы кезде жалпы анестезия әдістері қолданылатын, ал қазір біз, мысалы, жоғарғы және төменгі аяқ-қолды бір уақытта аймақтық жолмен жалпы анестезияға жүгінбей-ақ ауырсынусыздандыра аламыз. Науқас операция алдындағы және операция барысындағы кезеңде есін сақтайды, ал наркоздан кейінгі сананың және тыныстың бәсеңдеуі болмайды», — деп атап өтті реаниматолог-дәрігер-анестезиолог Ерболат Адилбеков.
Аймақтық анестезия тек бір анатомиялық аймаққа ғана қолданылатын классикалық тәсілден айырмашылығы, жаңа әдістеме өткізгіштік, жұлындық және эпидуралдық анестезияны әртүрлі үйлесімде кешенді түрде қолдануға негізделген. Бұл бір операциялық араласу аясында күрделі және біріктірілген операцияларды орындауға мүмкіндік береді.
Әдістің негізгі артықшылықтары — науқастың есін сақтау, жүрек-қантамыр, тыныс алу және ең бастысы орталық жүйке жүйесіне минималды әсер ету, асқыну қаупін төмендету, оңалту кезеңінің қысқаруы және реанимация мен қарқынды терапия бөлімінде жату қажеттілігінің азаюы. Бұл ерекшеліктер әсіресе егде жастағы, семіздігі бар және қосымша созылмалы аурулары бар науқастар үшін өте маңызды.
ОҚКА-дағы клиникалық мысалдардың бірі — салмағы 125 кг болатын, екі иық сүйегі сынған науқас әйел. Қосалқы ауруларының субкомпенсацияланған ағымына байланысты жалпы анестезия жүргізу қаупі жоғары болды. Дәрігерлер оң және сол жақ иық өріміне кезекпен блокада жасап, операцияны жоспарланған көлемде және асқынусыз өткізуге мүмкіндік алды. Операциядан кейін науқас қарқынды терапия бөлімшесінде бақылауды қажет етпей, бірден профильдік бөлімшенің палатасына ауыстырылды.Науқастар аймақтық ауырсынусыздандыру әдістерін қолдану кезінде операциялық бөлмеде өзін жайлы сезінетінін және ауырсынуды басу әсерінің жоғары екенін атап өтуде.
Орталық қалалық клиникалық ауруханада жоспарлы түрде күн сайын 35-ке дейін анестезиологиялық көмек көрсетіледі, оның ішінде операциялардың 70–80%-ы аймақтық анестезиямен орындалады. Бұл наркоздық препараттардың ағзаға түсетін жағымсыз әсерін азайтып, операциядан кейінгі тез қалпына келуіне жағдай жасайды.
Кешенді аймақтық анестезия әдістерінің тиімділігі операциялық қаупі жоғары науқастарда — дене салмағы 120 кг-нан асатын, сондай-ақ егде және қарт жастағы, оның ішінде 103 жастағы науқасқа да дәлелденді.
Жаңа анестезия әдістемесін енгізудегі басты мақсат — операциялық араласулардың қауіпсіздігін арттыру және медициналық көмектің сапасын жақсарту.
Оқи отырыңыз: Алматыда тұрғындарды МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту шаралары талқыланды