Алматыда құрылыс нысандары тексеріле бастайды

25.12.2024 11:05

Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдарының құрылыс нысандарына кедергісіз кіру мүмкіндігі жоқ екені белгілі

Пресс-служба акима города Алматы

Алматы Мәслихатының XXVI кезектен тыс сессиясында құрылыс-монтаж жұмыстарының көтергіш және (немесе) қоршау құрылымдарын салу мен қайта құруға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында құрылыс нысандарына кіру тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл құқықтық акт жобасын Алматы қаласының Қалалық құрылыс бақылау басқармасы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әзірледі.

Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдарының құрылыс нысандарына кедергісіз кіру мүмкіндігі жоқ екені белгілі. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштердің негізінде ғана тексеруге болады.

Құрылыс нысандарына кірудің бекітілген тәртібі бойынша инспекция жүргізуге негіз ретінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуі, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаның болмауы секілді фактілер қызмет ете алады. Осылайша, бұл тәртіп бастапқы кезеңінде заңсыз құрылыстың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте, тексеру жүргізу үшін нысанда тиісті түрде хабарланған мүдделі тұлғаның болмауы инспекция жүргізуге кедергі болып саналмайды. Бұл жоспардан тыс тексерулер жүргізу талаптарынан ерекшеленеді.

Сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жалғастырады. Алайда инспекция аясында анықталған бұзушылықтар болған жағдайда жаңа тәртіп бұзушылықтарды жою үшін аудан әкімдігінің хаты негізінде жедел тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта бұл құқықтық акт Әділет департаментінде тіркелуде.

Оқи отырыңыз: Алматының жаңа қала құрылысы регламенті бекітілді