Алматыда Телекоммуникация және машина жасау колледжінің жаңа оқу корпустары мен жатақханасы салынды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында білім беру ұйымына барып, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Колледж телекоммуникация және машина жасау саласы үшін білікті маман даярлайды. Оқу қазақ және орыс тілінде өтеді. Дуалды оқыту жүйесі мен модульдік-құзыреттілік тәсіл қолданылып, теория мен тәжірибе ұштасып, еңбек нарығының талаптарына сай маман даярлауға мүмкіндік береді.
Колледждің жобалық қуаты — 1 050 студент. Оның ішінде 340 студент колледжде тікелей (екі ауысымда) білім алса, қалғандары кәсіби дағдыларды салалық кәсіпорындар базасында өндірістік тәжірибе барысында меңгереді.
Бес блоктан тұратын кешен 1940 жылдары салынған ескі ғимараттардың орнына бой көтерген. Колледж инфрақұрылымында жалпы білім беретін пәндерге арналған 17 оқу кабинеті, 17 мамандандырылған кабинет, 6 оқу шеберханасы және 2 зертхана бар. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін спорт залы, мәжіліс залы және 200 орындық асхана қарастырылған. жұмыс істейді. Колледж аумағында 118 орындық жатақхана бар.
Сондай-ақ ғимаратта әкімшілік кабинеттер, медициналық пункт, кітапхана және оқу залы орналасқан. Аумақ көріктендіріліп, көгалдандырылған, спорт алаңдары бар. Ғимарат пен оған іргелес аумақ толықтай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді.
Колледж басшылығының айтуынша, еңбек нарығында автослесарь мамандары мен логистика саласындағы кадрларға сұраныс жоғары.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің әлеуетін ескере отырып, Қазақстан Еуразияның негізгі логистикалық хабына айналуға тиіс. Сондықтан білікті мамандар даярлау аса маңызды. Қала сапалы кәсіби білім мен практикалық дайындыққа барлық жағдай жасалған заманауи оқу орнын салуға қаржы бөлді. Біз заманауи талаптарға сай кадр даярлау бағдарламалары мен білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамытамыз», — деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Алматы әкімі тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайта жаңарту бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді.
Атап айтқанда, Түрксіб ауданындағы Алтай-2 шағынауданында инвестор 57 қамыс қабырғалы үйді сүріп, оның орнына 47 жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 6 ескі үй сүріліп, 48 меншік иесі компанияның өз қоныстандыру қоры есебінен жаңа баспанаға көшірілді. Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында Алматыда 670 меншік иесі жаңа пәтерлерге қоныстанды.