Алматыда құрылыс нормаларын бұзған мердігерлер лицензиясынан айырылып жатыр

03.06.2026 09:22
пресс-служба акима Алматы

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді. Жүргізілген бақылау нәтижесінде бірқатар құрылыс және жобалау ұйымына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, мемлекеттік лицензиялары тоқтатылды немесе қайтарып алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Атап айтқанда, «ҚазҒЗСҚА» АҚ еншілес ұйымы — «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ЖШС құрылыс қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды. Бұған компанияда өндірістік базаның болмауы себеп болған. Ал мұндай база құрылыс лицензиясы бар ұйымдар үшін міндетті талаптардың бірі саналады.

Сондай-ақ құрылыс нормаларын бірнеше рет бұзып, бұрын берілген ескертулерді орындамаған «Сәулет Құрылыс Консалтингі» ЖШС-нің де лицензиясы қайтарылды. Компанияға бұған дейін де заңбұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік шара қолданылған.

Жобалау жұмыстарымен айналысатын «SK BEST Spec Story KZ» ЖШС-не қатысты да әкімшілік шара қабылданып, І санаттағы жобалау лицензиясы кері қайтарылды. Ал құрылыс талаптарына сәйкес келмеуі және бекітілген жобалық шешімдерден ауытқуы себепті «Отау-Құрмет» ЖШС де лицензиясынан айырылды.

Бұған қоса, қала прокуратурасының ұсынысы негізінде 214 құрылыс компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұған олардың біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі себеп болған. Лицензия тек барлық заңбұзушылық толық жойылып, белгіленген талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана қайта қалпына келтіріледі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да күшейтіле береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ауқымды Open-Air концерт өтеді