Алматыда әл-Фараби даңғылының солтүстік жағында Есентай өзеніндегі велосипедшілер мен жүргіншілерге арналған көпірдің құрылысы жалғасып жатыр. Ал оңтүстік беттегі жүргіншілер көпірінің құрылысы іс жүзінде аяқталған. Бұл туралы Алматы қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жақында диаметрі 800 мм магистральдық су құбырын қайта салу және тіректерді орнату үшін шұңқыр қазу жұмыстары басталады.
Жоба аясында ағаш кесу жоспарланған, оның ішінде 14 апатты жағдайдағы ағаш бар. Сондай-ақ, 12 жөке ағашы басқа жерге көшіріледі. Сонымен қатар, іргелес аумақты көріктендіру аясында бұл учаскеде 80 ірі көлемді ағаш және шамамен 50 бұта егу көзделген. Биыл көктемде кесілген ағаштардың орнына қосымша тағы 580 ағаш егу жоспарланып отыр.
«Көпірдің автожол бөлігі 2023 жылы қайта жаңғыртылған болатын. Ал вело жүргіншілер инфрақұрылымының бастапқы жобасында 135 ағаш кесу қарастырылған еді, бұл қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Осыған байланысты әкімдік жобаны өзгерту, көпірлерді автожол бөлігіне жақындату және инженерлік желілерді көшіру туралы шешім қабылдады. Енді оңтүстік жақтағы 26 ағаш кесіледі. Біз әрбір ағаштың, әсіресе қайта егілетіндердің жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз. Жалпы, жобаны биыл тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр, ал көріктендіруге қатысты қандай да бір ескерту болса, мердігер олардың барлығын түзетеді», — деді қоғам белсендісі, «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаров.
Оқи отырыңыз: Алматы колледждердің студенттері Қытай мен Германияда тағылымдамадан өтіп жатыр