Алматыда «Almaty Ustazy» қалалық байқауының финалы өтеді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Байқаудың мақсаты – талантты әрі креативті педагогтерді анықтау

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады, ал байқаудың 7 жеңімпазына халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге мүмкіндік беріледі. 16 қыркүйекте Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында жас педагогтер арасында өтетін «Almaty Ustazy» қалалық байқауының финалы өтеді. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Байқаудың мақсаты – талантты әрі креативті педагогтерді анықтау, озық педагогикалық тәжірибені тарату және мұғалім мамандығының беделін арттыру. «Almaty Ustazy» педагогтердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына, заманауи әдістемелер мен білім беру технологиясын меңгеруіне мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Байқау Алматыда алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде оған 36 жасқа дейінгі 10 мыңға жуық жас педагог қатысты. Биыл байқауға қатысуға 984 педагог өтінім берді.

Іріктеу кезеңдері
Бірінші кезең. Қатысушылар 11 пән бойынша тестілеуден өтті. Жұмыстарды 33 сарапшы бағалады.
Екінші кезең. Іріктеу қорытындысы бойынша екінші кезеңге 71 педагог өтті. 5-6 мамыр күндері қатысушылар қаланың 6 мектебінде байқау сабақтарын өткізді.
Финал. Қорытынды кезеңге 11 үздік педагог өтті.

Финалистер «Мен – көшбасшы мұғаліммін» авторлық жобасын көпшілік алдында қорғап, өзінің білім беру тұжырымдамасын таныстырады.
Сондай-ақ, қатысушылар «Ашық мінбер» алаңында қазылар алқасы мүшелері мен көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Бұдан бөлек, педагогикалық еңбек ардагерлері мен оқушылардың бейнесұрақтарына жауап береді.

Финал қорытындысы бойынша 7 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысына шетелдегі жетекші білім беру ұйымдарында халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге мүмкіндік беріледі. Бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Сонымен қатар ол халықаралық тағылымдамаға қатысады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Мұғалімдер күніне орай Республика сарайында өтеді.

Финалдың өтетін күні мен уақыты: 16 қыркүйек, салтанатты ашылуы – сағат 09:00-де.

Өтетін орны: Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы, Наурызбай ауданы, Шұғыла шағынауданы, 347/4.