Алматыда үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтеді

Фото: Федерация настольного тенниса Республики Казахстан
Фото: Федерация настольного тенниса Республики Казахстан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 24-27 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді. Дүбірлі додаға 17 ел мен аумақтан 230 жас спортшы қатысады, - деп хабарлайды  Аlmaty.tv

Турнирде қазақстандық спортшылармен қатар Австралия, Әзірбайжан, Гонконг, Израиль, Үндістан, Индонезия, Ирак, Иран, Катар, Қытайлық Тайбэй, Корея Республикасы, Малайзия, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан және Жапонияның өкілдері бақ сынайды.

Қазақстан құрамасының сапында әртүрлі жас санаттарында өнер көрсететін 82 теннисші ел намысын қорғайды.

Турнир Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) мен World Table Tennis (WTT) ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылады. Жарыс халықаралық жасөспірімдер сериясының күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан қатысушылардың көрсеткен нәтижесі әлемдік рейтингті қалыптастыру кезінде ескеріледі.

Спортшылар 11 және 13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы жекелей сында, сондай-ақ 15 және 19 жасқа дейінгі аралас жұптар арасындағы сайыстарда жүлделерді сарапқа салады.

Жарыс ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде (Нұркент шағынауданы, 14Б) өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.

Байрақты бәсекені SportPlus Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобаларының жүзеге асырылуына бақылау күшейтіледі