Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге келуші саны артты

Биыл 13 мың тоннаға жуық өнім сатылып, келушілер саны 500 мыңнан асқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге келуші саны артты. Жыл басталғалы 274 жәрмеңке ұйымдастырылып, 500 мыңнан аса сатып алушы жиналған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында сенбі мен жексенбіде өтетін жәрмеңкелерде 13 мың тоннаға жуық өнім сатылып, келушілер саны 500 мыңнан асқан. Мұнда мыңнан астам түрлі тауар ұсынылады. Алматы қаласы, Алматы облысы және еліміздің өзге өңірлерінен жеткізілген көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, нан және кондитерлік өнімдер сөрелерде тізіліп тұрады. Қалалық жәрмеңкеге 300-ден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші тұрақты қатысып келеді. 

«Ет, сүт өнімдері қымыз, шұбат, сол бағыттағы мал шаруашылығымен Іле ауданында айналысып отырмыз. Нарықтық бағаға қарағанда  15-20%-ға төмен. Өйткені 2 күнге келгендіктен барлық өнімді сатып жіберуге тырысамыз», – десатушы Ерлан Мырзашұлы.

«Жиырма жылдан бері жәрмеңкеде өнім сатамыз. Сағат 6:00-ден бастап жұмыс істейді. Диханбыз, қарбыз, қауын, қызаған, қияр егіп, сатамыз. Қарбыз 100-150-200 теңгеге дейін арзан болады», – деді Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші Фарида Мұғдатова.

Қазіргі таңда Әуезов, Алмалы, Медеу, Бостандық және Жетісу ауданында әр сенбі, жексенбі күндері тұрақты түрде жәрмеңке өтіп тұрады. Сауда-саттық тек 2 тәулікке жоспарланғандықтан тауарлардың барлығы балғындығын сақтайды.

«Сапасы жақсы болғандықтан 10 жылдай болды келіп жүрмін. Тек қана осы жерден сүт өнімдерін, етті алам. Диханның қолынан  жеміс-жидектерінен сатып алам. Балаларымның табиғи, таза өнім жегенін қалаймын», – деді қала тұрғыны Бауыржан Оспанов.

Айта кетейік, жәрмеңке алаңдарын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бостандық ауданындағы Қазақфильм шағынауданында және Әуезов ауданындағы сауда-саттық аумақтары жаңартылуда. Нәтижесінде жәрмеңке кәсіпкерлерге де, сатып алушыларға қолайлы болмақ.

Айдана Шалқар, Ханкелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобаларының жүзеге асырылуына бақылау күшейтіледі