17–22 тамыз аралығында Алматыдағы Gorky Tennis Park кешенінің топырақ төселген корттарында Roland Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia халықаралық іріктеу турнирі өтеді. Жарыс Қазақстан теннис федерациясы мен Азия теннис федерациясының (ATF) қолдауымен ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, Қазақстанда дәстүрлі түрде тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай өткізіледі.
Турнирге Орталық және Батыс Азия елдерінен 16 жасқа дейінгі ең үздік 16 жасөспірім ұл мен қыз теннисші қатысады. Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін Roland Garros Junior Series финалдық кезеңіне жолдама алады. Дәл осы жарыста Roland Garros 2027 жасөспірімдер турнирінің негізгі кезеңіне берілетін жалғыз жолдама сарапқа салынады.
Биыл Париждің әйгілі топырақ корттарында өнер көрсету мүмкіндігі үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иордания, Иран, Сауд Арабиясы және Түрікменстанның өкілдері бақ сынайды.
Қазақстан намысын өз жеріндегі турнирде Родион Трайгель, Диас Төлепбергенов, Бексұлтан Бауыржанов, Иван Бондаренко, Әмина Нұрмахан, Линара Булешева, Алуа Марат және Влада Кузьменко қорғайды.
Айта кетейік, Roland Garros Junior Series – Халықаралық теннис федерациясы (ITF) мен Франция теннис федерациясының (FFT) жасөспірімдер теннисін дамытуға бағытталған халықаралық жобасы. Бұл серия әлемнің түкпір-түкпіріндегі дарынды жас теннисшілерге «Үлкен дулыға» санатына кіретін төрт турнирдің бірі – Францияның ашық чемпионатының жасөспірімдер додасына қатысуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматы AirAsia халықаралық жарнамалық науқанының басты кейіпкеріне айналады