Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті
Бүгін Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық және көркейту жұмыстары қаланың барлық ауданындағы сегіз аумақты қамтыды. Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенбілікке 1 860 адам қатысты. Тазалық жұмыстарын жүргізуге 111 арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілікке қатысушылар Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысындағы «Отан ұлдарына мәңгілік тағзым» ескерткіші маңын, Алтын бесік және Көкшоқы шағынаудандарын, Алма-Арасан көшесін, «Гүлдер» саябағын, Кеңсай-3 аумағын, сондай-ақ Сәбденов және Бұқтырма көшелерін тазалап, ретке келтірді.
Сенбілік қорытындысы бойынша 968 текше метр қоқыс пен қалдық жиналып, шығарылды.
Алматыда қалалық аумақтарды күтіп ұстау және көркейту жұмыстары аясында жалпықалалық сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеуге бағытталған экологиялық акция өтті