Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының өкілдері, сондай-ақ Жапония сарапшылары қатысқан кездесу өтті. Жиын барысында Жапония Үкіметі қаржыландыратын «Орталық Азия өңірінде апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту» атты өңірлік жоба аясындағы өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кездесу барысында Алматы қаласы әкімдігінің БҰҰДБ-мен ынтымақтастығын дамыту, қаланың жер сілкінісіне төзімділігін арттыру және сейсмикалық қауіптерді басқару саласындағы Жапонияның озық тәжірибесімен қоса, заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері қозғалды.
Алматының сейсмикалық аймақта орналасуы әрі ірі әлеуметтік-экономикалық орталық ретіндегі мәртебесі ескеріле отырып, аталған бағыттың өзектілігі ерекше атап өтілді. Осыған байланысты қалалық қызметтердің дайындығын күшейту, халықты құлақтандыру тетіктерін жетілдіру және халықаралық үздік тәжірибелерді қолдану бағытындағы жүйелі жұмыстарға басымдық берілді.
Атап айтқанда, жапон сарапшылары жер сілкінісін болжау әлі де күрделі міндеттердің бірі екенін, ал халықтың сейсмикалық қауіптерді азайту жолдары туралы хабардарлығын арттыру дайындықтың ең сенімді тәсілі болып саналатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және аталған жобаны кезең-кезеңімен іске асыруға дайын екенін білдірді.
Оқи отырыңыз: Алматының төрт ауданында мереке күндері азық-түлік жәрмеңкесі жұмысын жалғастырады