Алматыда ғимараттарды сейсмикалық күшейту бойынша қалалық бағдарлама әзірленеді

18.12.2024 14:17

Мегаполисте 2023–2024 жылдары тағы 10 916 нысан тексерілді

Бұл туралы ОКҚ брифингі барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада өткізіліп жатқан сейсмоаудиттің нәтижесі туралы сұраққа жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ғимараттар мен құрылымдардың нақты сейсмикалық төзімділігін анықтау үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес, қалада нысандарды төлқұжаттау жүргізілді, яғни 21 441 нысанды қамтитын сейсмоаудит", – деді мегаполис әкімі.

Оның айтуынша, 2017-2018 жылдары жүргізілген сейсмоаудит нәтижесінде 10 525 нысан тексерілген, ал екінші кезеңде - 2023–2024 жылдары тағы 10 916 нысан тексерілді.

"Келесі жылдың басында «ҚазНИИСА» акционерлік қоғамы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша талдамалық есеп береді. Содан кейін КПТҮ және әлеуметтік нысандар бойынша сейсмикалық нығайтудың алғашқы шаралар жоспары қабылданады. Жалпы, АҚШ, Жапония және Израильдің нақты тәжірибелеріне негізделген сейсмикалық күшейту бойынша қалалық бағдарламаны әзірлеп, іске асырамыз", – деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, қалада жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Бостандық және Медеу аудандарындағы 3 мектепті сейсмикалық нығайту аяқталады, сондай-ақ Түрксіб ауданындағы № 50 мектеп-лицейді сейсмикалық күшейту жұмыстары басталады. Сонымен бірге, Әуезов, Бостандық және Медеу аудандарындағы 7 бөбекжайда осындай жұмыстар жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: New York Times: Алматы – саяхаттауға арналған ең үздік 10 орынның бірі