Алматыда орталық көшелердегі көлік жүктемесі азайтылады

23.07.2026 16:56
пресс-служба акима Алматы

Алматыда білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін жол белгілерін орнату жұмыстары басталды. Шектеу күн сайын сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Саин көшесі – әл-Фараби даңғылы – Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) – Рысқұлов даңғылы аралығындағы аумақта қолданылады. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері хабарлады,  - деп хабарлайды Almaty.tv.

Жол белгілерін орнату жұмыстары 24 шілдеге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 25 шілдеден бастап барлық ұйымдастыру шарасы аяқталған соң жүк көліктерінің қозғалысына қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді.

Жоба Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Жаңа тәртіп қаладағы жол қозғалысын жеңілдетуге, қозғалысы ең қарқынды магистральдардағы жүктемені азайтуға, жол қауіпсіздігін күшейтуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Осыған байланысты жүк көліктерінің жүргізушілеріне қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, жаңа жол белгілерінің талаптарын және полиция қызметкерлерінің нұсқауын орындауға кеңес беріледі.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында 250 мыңнан астам гүл көшеті отырғызылды