Алматыда Терапевт мамандар мектебі өтті

20.02.2026 09:20
пресс-служба акима Алматы

2026 жылы 19 ақпанда Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Терапевтер мектебі ұйымдастырылып, қаладағы стационарлық және амбулаториялық қызмет арасындағы ашық кәсіби диалог алаңына айналды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шараға емхана мен стационар дәрігер-терапевтері, жалпы тәжірибе дәрігерлері және кардиологтар қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы полиморбидті патологиясы бар науқастарды жүргізуге арналды. Бүгінде дәл осындай пациенттер денсаулық сақтау жүйесіне негізгі жүктемені қалыптастырып, үйлестірілген әрі клиникалық тұрғыдан негізделген шешімді талап етеді.

Ерекше назар:
- өкпе артериясының тромбоэмболиясын уақтылы диагностикалау және жүргізу тәсілі;
- шеткері артериялар ауруы бар науқастарды басқару;
- созылмалы коронарлық синдром және мультифокальды атеросклероз кезінде кезең-кезеңімен диагностика жүргізу және диагнозды дұрыс қою;
- созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кезінде дәрілік терапияның заманауи тәсілдері сияқты жайларға аударылды.

Спикерлер ретінде практикалық денсаулық сақтау саласының танымал сарапшылары сөз сөйледі: қантамыр хирургы, флеболог Сұлтан Илиев; ҚЖШККА терапия бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер-терапевт, жоғары санатты кардиолог, м.ғ.к. Фарида Рустамова; С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті  кафедрасының қауымдастырылған профессоры, жоғары санатты кардиолог Айжан Әлмұханова болды.

Пікірталас бөлімінде қатысушылар нақты клиникалық жағдайларды талдап, амбулаториялық кезеңдегі жиі кездесетін қателіктерді, пациенттерді уақтылы госпитализациялау критерийлерін және медициналық көмектің әр деңгейі арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдерін талқылады.

Терапевтер мектебі дәрігерлердің кәсіби тәжірибе алмасуға жоғары қызығушылығын көрсетті және стационар мен емхана арасындағы тұрақты диалог ауыр декомпенсация санын азайтуға әрі ем нәтижесін жақсартуға тікелей әсер ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осындай білім беру іс-шараларын өткізу тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматы инвесторлары және кәсіпкерлерімен кездесу өткізді