Отбасын қолдау: Алматыда ҚХР делегациясымен кездесу өтті

31.07.2026 18:25

Қонақтарды Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қарсы алды

пресс-служба акима Алматы

31 шілде 2026 жылы Алматы қаласының Әлеуметтік қызметтер үйіне Қытай Халық Республикасы делегациясы келді. Делегация құрамында Шанхай әйелдер федерациясының төрайымы Чжан Хуа және Шанхай қаласының Экономика және ақпараттандыру басқармасы жанындағы Әйелдер істері комитетінің директоры Ми Вэй болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сапар аясында екі елдің өкілдері әлеуметтік саясатты дамыту, әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту мәселелерін талқылап, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы тәжірибелерімен алмасты.

Қонақтарды Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қарсы алды. Кездесу барысында делегацияға «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін заманауи алаң – Әлеуметтік қызметтер үйінің қызметі таныстырылды. Мұнда қала тұрғындары әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтер және тұрғын үй мәселелері бойынша консультациялармен қатар мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің кең спектрін ала алады.

Кездесу барысында 15 сәуір 2024 жылғы Қазақстан Республикасының әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қорғау мәселелері жөніндегі Заңын іске асыру аясында құрылған Алматы қаласының Отбасын қолдау орталығының қызметіне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушыларға қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және консультациялық көмектің кешенді жүйесі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимыл тетіктері туралы ақпарат берілді.

Алматы қаласының Отбасын қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Ақмолжан Зарипов мекеменің негізгі қызмет бағыттарын, жұмыс нәтижелерін, отбасылық қолайсыздықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша жүзеге асырылып жатқан шараларды таныстырды.

Кездесу барысында тараптар әлеуметтік қорғау, отбасын қолдау, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы үздік тәжірибелерімен алмасты. Қытай делегациясының өкілдері Алматы қаласының әлеуметтік қызметтерінің жұмысымен танысып, алдағы уақытта кәсіби ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдірудегі халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Оқи отырыңыз: Алматыда медицина ардагерлеріне арналған Даңқ аллеясы ашылды