Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық жастар лагерінің жабылу рәсімі өтті

14.06.2026 16:50

Үш күндік халықаралық жастар диалогы қорытындыланды

пресс-служба акима Алматы

«Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» жобасы аясында ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық жастар лагері Алматыда мәресіне жетті. Үш күн бойы Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген жас көшбасшылар түркі кеңістігіндегі ынтымақтастықты нығайтуға және жастар арасындағы өзара байланысты дамытуға бағытталған білім беру, экологиялық және мәдени іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Алматыдағы халықаралық жастар лагері түркі мемлекеттерінің жастары ортақ сын-қатерлер мен бастамалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Осындай жобалар халықтар арасындағы достықты нығайтып, болашақтағы ынтымақтастықтың берік негізін қалайды», – деді Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Союзбек Надырбеков.

Лагерь бағдарламасы жастарды қазіргі заманның өзекті тақырыптары төңірегіне топтастырды. Алғашқы күні қатысушылар бір-бірімен танысып, жастар саясаты, көшбасшылық және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған ашық диалогтар мен пікірталас алаңдарына қатысты.

Екінші күн экология, цифрландыру және қоғамдық даму тақырыптарына арналды. Жастар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған Turkic Youth Tree of Unity халықаралық экологиялық акциясына қатысып, түркі мемлекеттері жастарының бірлігі мен жастар бастамаларының сабақтастығының белгісі ретінде көшет отырғызды. Сонымен қатар, Digital Turkic Youth форумы өтіп, қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық технологияның қоғамның дамуына және болашақ дағдысын қалыптастыруға ықпалын талқылады. Ашық әрі әділетті қоғам құрудағы жастардың рөліне де ерекше назар аударылды.

Қорытынды күн лагерьдің жабылу салтанатымен басталды. Іс-шара барысында үш күндік бағдарлама қорытындыланып, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, «What I Take With Me» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, жастар әсерін, алған тәжірибесін және алдағы ынтымақтастыққа қатысты идея бөлісті.

Лагерьдің аяқталуына орай Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек қатысушыларды құттықтап, мұндай бастамалардың түркі мемлекеттері жастары арасындағы достықты нығайту мен халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытудағы маңызын атап өтті.

Қатысушылар сондай-ақ Almaty Museum of Arts музейіне барып, қаланың заманауи мәдени кеңістігімен танысты. Бұл экскурсия лагерь бағдарламасының қорытынды іс-шарасына айналды.

«Үш күн бойы Алматы түркі мемлекеттерінің жас өкілдері үшін ашық диалогтың, тәжірибе алмасудың және достық байланысты нығайтудың алаңына айналды. Осындай бастамалар халықаралық жастар диалогын дамытуға және түркі кеңістігіндегі өзара ықпалдастықты кеңейтуге ықпал етеді», – деді Азиз Кажденбек.

Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық жастар лагері тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды дамытуға және түркі әлемінің жас көшбасшылары арасындағы байланысты нығайтуға арналған маңызды алаң болды. Оның аяқталуы «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» жобасының қорытынды іс-шараларымен тұспа-тұс келіп, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы жастар дипломатиясы мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезеңдердің біріне айналды.

Оқи отырыңыз: Елімізде донорлық көрсеткіш бойынша Алматы көшбасшылар қатарында тұр