Алматыда жаңа Конституцияны қолдауға бағытталған қалалық коалиция құрылды

13.02.2026 17:34
пресс-служба акима Алматы

Алматы қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» қалалық коалициясының алғашқы отырысы өтті. Ауқымды бастама республикалық деңгейде құрылған Жалпыұлттық коалиция аясында жүзеге асырылып отыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ерлан Қошанов төрағалық еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында көтерілген бастаманы өңірлерде нақты іске асыру мақсатында Алматыда да қоғамдық күштерді біріктіру жұмысы басталды. Қалалық коалиция құрамына мәслихат депутаттары, саяси партиялар өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ғылыми сарапшылар, зиялы қауым, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері кірді. Жалпы саны 200-ге жуық азамат аталған құрылым жұмысына атсалысуға ниет білдірді.

Ұйымдастыру отырысында коалицияның құрылымы айқындалып, дербес құрамы мен басшылығы бекітілді. Мегаполистің коалиция жетекшісі болып Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев бекітілді. Сондай ақ алдағы кезеңдегі қызметтің негізгі бағыттары нақтыланды. Басты міндет ретінде кең ауқымды қоғамдық саяси бірлестікті қалыптастыру және алдағы республикалық референдум мәселелері бойынша халық арасында жүйелі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу белгіленді.

Жиында сөз алған «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров бастаманың мәніне тоқталды.

«Конституция тек заңгерлердің құжаты емес, ол елдің ертеңіне жауап беретін барша азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әділетті қоғам құру үшін халықтың үні естілуі тиіс. Бүгінгі коалицияның мақсаты да сол сенімді ақтау, елмен ашық сөйлесу, түсіндіру, талқылау», - деді ол.

Ал Алматы қаласы мәслихатвның төрағасы, коалиция жетекшісі Мейіржан Батырбекұлы қоғамдық келісім мен жауапкершілік мәселесін алға тартты.

«Біз бүгін тарихи кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Мемлекеттің негізгі заңы туралы сөз болғанда бей-жай қарауға болмайды. Бұл бастама саяси науқан емес, бұл елдік ұстаным. Халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, әрбір азаматтың сауалына жауап беру біздің парызымыз», - деп атап өтті ол.

Жиын барысында коалиция мүшелері алдағы кезеңде қала аудандарында кездесу форматтарын көбейту, сараптамалық пікірталастар ұйымдастыру, жастар аудиториясымен мақсатты жұмыс жүргізу жөнінде ұсыныстар білдірді. Қоғамдық пікірді ескере отырып, түсіндіру жұмыстары ашық әрі мазмұнды сипатта өтетіні айтылды.

Алматыдағы бұл бастама ел ауқымындағы қоғамдық үнқатысудың бір бөлігі ретінде бағаланып отыр. Қалалық коалиция алдағы уақытта қоғам өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, референдум мәселелері бойынша ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

Оқи отырыңыз: Алматы кәсіподақтары жаңа Конституция жобасын қолдайды