Алматыда заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді: жыл басынан бері 52 нысан бұзылды

30.09.2026 16:10

Бұл мәселе Алматы үшін өте өзекті

пресс-служба акима города Алматы

Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес заңсыз құрылыс нысандарына бақылау күшейтілді. Әсіресе, нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй салуға арналмаған, оның ішінде бағбандық немесе жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге берілген жер телімдеріндегі құрылысқа ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылыс жұмыстары басталған сәттен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезең бақылауда болады.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда заңсыз салынған 52 нысан толық немесе ішінара бұзылған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуіне байланысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау тетіктері де өзгерді.

Бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жеңілдетілген тәртіп қолданылып, мұндай нысандар басқа құрылыс нысандары секілді толық бақылаумен қамтылмайтын. Жаңа заңнама бұл талаптарды өзгертті. Енді рұқсат беру рәсімдеріне, құрылыс алдындағы және жобалық дайындыққа қойылатын талаптар жаңартылды.

Бұл мәселе Алматы үшін өте өзекті. Қалада нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысын қарастырмайтын жер телімдерінде тұрғын үй салу фактілері кездеседі.

«Жер телімінің болуы онда кез келген мақсаттағы немесе кез келген параметрдегі нысанды салуға автоматты түрде құқық бермейді. Құрылыс жер телімінің нысаналы мақсатына, қала құрылысы регламенттеріне және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс», – деді Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері.

Толық көрсету