Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызметтің кезекшілігі күшейтіледі
Алматыда ауа райының нашарлауына байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген кезекшілік режиміне көшеді. 5 қазанға қараған түні қалада қатты жауын-шашын болжануына байланысты жедел әрекет ету үшін мобильді бригадалар, арнайы техника мен мотопомпалар дайындалды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, 4 қазанда сағат 21:00-ден кейін аздаған жаңбыр жаууы мүмкін. Түн ортасынан кейін жауын-шашын күшейіп, түнде кей уақытта 15-20 мм-ге дейін қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Таңертең жауын-шашын бәсеңдеп, болжам бойынша 5 қазанда сағат 12:00-ге дейін тоқтайды. Сондай-ақ солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Су басу қаупінің алдын алу және жергілікті су басуы мүмкін жағдайды жедел жою үшін 70 мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады. 337 арнайы техника, 103 мотопомпа және 2,4 мың құм салынған қап дайын тұр. Жұмысқа коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметінің 717 маманы жұмылдырылады.
Негізгі күш су жиналу қаупі жоғары учаскелерге бағытталады. Мұндай аумақтарда ассенизаторлық машиналар кезекшілік шығады. Жол саласы жұмысшылары мотопомпалармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жалпы, тәулік бойы кезекшілікке 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмылдырылады. Бұл жұмысқа «Алматы Тазалық» МКК және жеке мердігер ұйымдар тартылған.
Болжам бойынша 6 қазанда Алматыда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашын болмайды.