Алматыда құрылыс компанияларына бақылау күшейтілді: төрт компания лицензиясынан айырылды, тағы 350 компания лицензиясының қолданылуы тоқтатылды

04.08.2026 11:41
пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша қалада құрылыс саласындағы тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша төрт компания лицензиясынан айырылды, тағы 350 құрылыс компаниясының лицензиясының қолданылуы тоқтатылды. Сондай-ақ құрылыс қызметімен айналысатын 437 субъектіге қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүзеге асыратын мердігер ұйымдардың қызметіне ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, «SK BEST Spec Story KZ» ЖШС жобалау қызметінің І санаттағы мемлекеттік лицензиясынан айырылды. Сонымен қатар «Отау-Құрмет» ЖШС мен «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ЕҰ лицензияларынан айырылды. Ал «Сәулет Құрылыс Консалтингі» ЖШС лицензиясының жекелеген қосалқы түрінің күші жойылды.

Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері Алматыда өз біліктілігін дәлелдей алатын, белгіленген талаптарды сақтайтын және құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ететін компаниялар ғана жұмыс істей алатынын атап өтті.

Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша сегіз құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған болатын. Олардың басым бөлігі әлеуметтік нысандардың құрылысын жүзеге асырған.

Оқи отырыңыз:  Jas Vibe: Алматы жастары қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлауда