Әртүрлі аумақты бір уақытта кешенді дәрілеу дератизацияның тиімділігін арттырады
Алматыда кешенді дератизация жұмыстарының күзгі кезеңі жалғасып жатыр. 29 қыркүйектегі жағдай бойынша мамандар Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарында 20 мың гектардан астам аумақты дәріледі. Күзгі кезеңде барлығы 47 мың гектардан астам қоғамдық аумақты қамту жоспарланған. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрілеу жұмыстары кеміргіштер мекен етуі мүмкін жерлерде жүргізіледі. Олардың қатарында жасыл аймақтар мен ашық биотоптар, індер, арық желілерінің бойы, өзендер мен су айдындарының жағалаулары, қоғамдық көлік аялдамаларының аумақтары, базарлар, медициналық және әлеуметтік нысандар, заңды тұлғалардың нысандары, сондай-ақ қоқыс шығаратын ұйымдар қызмет көрсететін аумақтар бар.
Әртүрлі аумақтарды бір уақытта кешенді дәрілеу дератизацияның тиімділігін арттырып, кеміргіштердің көршілес аумақтарға кетпеуіне және олардың қайта таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Дератизация кезінде бромадиолон негізіндегі арнайы дәнді жем қолданылады. Бұл екінші буын родентициді. Препарат егеуқұйрықтар мен тышқандарға, соның ішінде бұрын қолданылған препараттарға төзімді кеміргіштерге қарсы әсер етеді. Оның құрамындағы битрекс жемнің адамдар мен нысанаға алынбаған жануарлардың кездейсоқ жеп қою ықтималдығын төмендетеді. Препарат қауіптілігі төмен, 4-сыныпқа жатады.
Препараттың әсері бірден байқалмайды. Жем жегеннен кейін егеуқұйрықтар орта есеппен 8-13 тәуліктен соң, ал тышқандар 7-10 тәуліктен кейін өледі. Белсенді заттың әсерінен кеміргіштердің мінез-құлқы өзгеріп, табиғи сақтығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан осы кезеңде егеуқұйрықтар жасырынатын орындарынан жиі шығып, ашық жерлерде көрінуі және бұрынғыдай адамдардың бар-жоғына мән бермеуі мүмкін.
Осыған байланысты әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда егеуқұйрықтардың ашық аумақтарда жиі көрінуі жүргізіліп жатқан дератизация жұмыстарына және препараттың олардың мінез-құлқына әсеріне байланысты болуы мүмкін.
Қала жағдайында егеуқұйрықтар кәріз коллекторларында, жертөлелерде және басқа да жетуі қиын жерлерді жасырын мекендейді. Сондықтан олардың санын реттеу үшін аумақтарды жүйелі әрі кешенді түрде дәрілеу қажет.
Жеке сектор тұрғындарына кеміргіштерге қарсы арнайы құралдар тегін беріледі. Мамандар препараттармен бірге оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды ұсынып, пайдалану тәртібін түсіндіреді.
Дератизацияның маңызды ерекшелігі – кешенді тәсіл. Кеміргіштердің дәріленген аумақтардан көршілес жерлерге орын ауыстыру ықтималдығын азайту үшін белгілі бір аумақтағы жұмыстар бір уақытта жүргізіледі.
Алматыда дератизация жылына екі рет – көктемде және күзде жүргізіледі. Күзгі дәрілеу жұмыстары кеміргіштердің ашық мекен ету орындарынан ғимараттарға маусымдық көшуіне дейін олардың санын азайтуға бағытталған.